Зорлық көрген кішкентай қыздың әжесінің айтуынша, 44 жастағы көршісі жиен немересіне бір жыл бойы жымысқы әрекетін төрт рет жасаған екен.
ERNUR.KZ. Былтыр мамыр айында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе ауылындағы жантүршігерлік жағдай дүйім жұрттың жағасын ұстатқан еді. Бір жыл бойы оқушы қызға сексуалдық сипаттағы азғындық әрекет жасаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп жазады stan.kz.
Зорлық көрген кішкентай қыздың әжесінің айтуынша, 44 жастағы көршісі жиен немересіне бір жыл бойы жымысқы әрекетін төрт рет жасаған екен. Дәл осы атышулы іске қатысты 6 рет сот отырысы өткен. Соңғы шешім Қонаев қаласында қабылданған.
"Бәрі дәлелденді, 20 жылға сотталды. Сараптама нәтижесінде кілемнен күдікті көршімнің ұрығы, менің немеремнің түкірігі табылды. Сотта қылмыскердің адвокаты "Шешесі мүгедек, жұмыс істемейді, әйелі жұмыс істемейді, кәмелеттік жасқа толмаған екі баласы бар" дейді. Негізі шешесі базарда жұмыс істейді. Ал әйелінің сұлулық салоны бар. Осы уақытқа дейін ешқайсысы келіп кешірім сұраған жоқ, үкім шыққаннан кейін кешірім сұрап келді. Мен кешірмедім. Ол саналы түрде осы азғындық әрекетті жасаған. Әйтпесе әйелі бар, екі баласы бар, неге мұндай қадамға барады? Қылмыскер бұл істі жасады ма, түрмеге отыру керек", – деді жәбірленуші қыздың әжесі Ләйлә Әлкенова.
Осы оқиғадан кейін көрші еркектен зәбір көрген оқушы қыздың мінез-құлқы күрт өзгерген, психологиясында ауытқулар бары анық байқалады екен.
"Қазір мінезі өзгерді, ешкімге сенбейді. Құлып сияқты жабылып қалды, тұйық. Соның келешегін ойлап, психологқа, невропатологқа көрсетуім керек, психикасын, денсаулығын тексеру керек. Неге десеңіз, келешекте ол ана болу керек, тұрмысқа шығу керек. Қорқып, ертең тұрмысқа шықпай, ана бола алмай қалса, өмірінің бәрі қор болды деген сөз. Ауылдық жер, біреуден сөз естіп, өз-өзіне суицид жасай ма деп қорқамын. Маған сол қайғы-уайым болып отыр. Бұлар әкесі жоқ деп басынды. Мен заң жүзінде соңына дейін баратынымды о баста айтқанмын", – деп ашуланды әжесі.
Қазіргі таңда көрші еркектен қорлық көрген отбасы үйін сатып, мекен-жайын ауыстырып, басқа жаққа көшіп кетуді көздеп отыр. Сондай-ақ немересінің өміріне алаңдаған әже өкінішін айтып, ұл-қыз өсіріп отырған ата-аналарға өз басынан өткен қателікті қайталамауға шақырды.
"Мұндай қайғыны ешкімнің басына бермесін. Мен эфирге шыққаннан кейін мұндай проблема қоғамда көп екенін көрдік. Шыны керек, барлығын айту керек, көрсету керек екен. Ертең басқа балаға зиянын тигізеді. Ата-аналарға айтарым, әсіресе қыз баланы көзден таса қылмаңыз. Қазір ұлдарды да зорлап жатыр. Абай болыңыздар, ешкімге сенбеңіздер. Арам ойлы еркек адамға сенім жоқ екен", – деп сөзін түйіндеді жәбірленуші қыздың әжесі.