Алматы облысында полицейлер 3 тоннаға жуық заңсыз балық тәркіледі

0
763

Биыл табиғат қорғау тәртібін бұзудың 31 дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.


Алматы облысында полицейлер 3 тоннаға жуық заңсыз балық тәркіледі

иллюстрациялық фото

Алматы облысының тәртіп сақшылары мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, табиғат қорғау заңнамасының талаптарын бұзудың 346 дерегін анықтаған.Тіркелген деректер бойынша қылмыстық өндірістер қозғалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Биыл табиғат қорғау тәртібін бұзудың 31 дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде заңсыз балық аулаудың – 13, заңсыз аң аулаудың 10, ағаштарды отаудың 4, жер қойнауын заңсыз игерудің 3 дерегі бар. Сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталған соң істер сотқа жолданатын болады»,- деді Алматы облысы ПД ЖПҚБ Табиғат қорғау полициясының инспекторы Бағлан Рымжанов.
Сондай-ақ, 304 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Аң аулау тәртібін сақтамаған 200-ге жуық аңшыға тиісті хаттама толтырылса, заңнама талабын бұзған 67 балықшы айыппұл арқалады.
Тәртіп сақшылары жыл басынан бері браконьерлерден заңсыз ауланған 3 тоннаға жуық балық, 5 қайық пен заңсыз кесілген 6 текше метрден астам ағаш тәркілеген. Сонымен қатар, құқық бұзушылардан 136 дана құрал-жабдық табылған. Оның ішіндегі 30 астам атыс қаруының 9 данасы заңсыз сақталғаны әшкере болды.