М.Әуезов ауданының жол сақшылары кезекті автоұрыларды қылмыс үстінде қолға түсірді.
ERNUR.KZ. М.Әуезов ауданының жол сақшылары кезекті автоұрыларды қылмыс үстінде қолға түсірді. Олар бұған дейін антирадар-детектор құрылғыларын ұрлаумен айналысып жүрген, деп жазады ҚазАқпарт.
«Күдіктілер көліктің терезесін таспен ұрып сындырған. Кейін ішіндегі бейнетіркеуіш пен антирадар құрылғыларын ұрлаған. Сайт арқылы оларды басқа біреулерге сатып отырған. 26 мен 22 жастағы Жамбыл және Түркістан облысының азаматтар қамауға алынды. Олардың бірі бұрын ұрлығы үшін істі болған. Мегаполиске ақша табуға келген жастар күндіз автокөлік жуып күнелткен. Айғақ ретінде 6 зат тәркіленді. Қылмыстық іске байланысты ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша М.Әуезов аудандық ІІБ тергеушілері сотқа дейін тергеу жүргізуде. Сонымен бірге криминалды полиция қамауға алынғандардың жеке басына қатысты мәліметті зерттеп, бұған дейінгі басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруде», - деді М.Әуезов аудандық ІІБ бастығы Әлішер Тұрсынбетов.