Алматылық тәртіп сақшылары 29 сәуірге дейін күшейтілген режимде жұмыс істейді.
ERNUR.KZ. Алматыда "Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр. Осыған байланысты қала полициясы 25-29 сәуір аралығында күшейтілген режимде істейді, деп жазады sputnik.kz.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратынша, жедел алдын алу шарасына Ұлттық ұланның әскери қызметшілерімен бірге полиция қызметтері мен бөлімшелерінің қызметкерлері тартылған.
Қоғамдық тәртіпті сақтау, көшеде және басқа да қоғамдық орындарда құқықбұзушылықтың алдын алу және жолын кесу мақсатында полиция жасақтарының саны ұлғайтылды.
"Құқықбұзушылыққа "мүлде төзбеу" қағидаты аясында полицейлер мен әскери қызметшілер көшелерді, аулаларды, алаңдарды, саяжайларды және басқа да қоғамдық орындарды аралап жүр. Сонымен қатар, полиция көші-қон заңнамасын, оның ішінде құрылыс және сауда салаларындағы заңбұзушылықтарды анықтау мақсатында тексеріс жүргізеді", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, азаматтық қару иелері мен полицияның профилактикалық есебінде тұрған адамдар да тексерілуде.
Хабар-ошарсыз кеткен адамдарды, қылмыскерлерді іздестіру, сондай-ақ бөтеннің мүлкін ұрлау, пәтер тонау, көлік айдап әкетумен айналысатын қылмыстық топтарды әшкерелеу бойынша жұмыс күшейтілді.
Айта кетері, "Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу шарасы – криминогендік жағдайды жақсартуға, сондай-ақ қылмыс пен құқықбұзушылықтың жолын кесуге бағытталған ауқымды іс-шара.