Алматы полициясы толғатқан әйелді перзентханаға жедел жеткізді

0
1 196

Босанушы әйел 5 минутқа жуық уақыт ішінде орталыққа жеткізілген.


Алматы полициясы толғатқан әйелді перзентханаға жедел жеткізді

ERNUR.KZ. Алматылық әйел жол-патурль полициясының қызметкерлерінің көмегінің арқасында сау баланы өмірге әкелді, деп жазады Stan.kz.

«27 жастағы әйелдің толғағы қысып, суы кеткен кезде оның күйеуі жедел жәрдемге хабарласпай, бірден оны үйден алып шығып, көлігімен перзентханаға алып бармақ болған. Алайда Ащыбұлақ аулынан қалалық перинаталдық орталыққа келе жатқан жолда олар кептелісте тұрып қалыпты. Момышұлы және Ақын Сара көшелерінің қиылысында кезекшілік етіп тұрған «Боран-002» патрульдік экипажының полицейлеріне «Хонда» көлігінің жүргізушісі келген. Полицейлер оның әлденеге алаңдап тұрғанын бірден байқаған. Ер адам полицейлерден өздерін перзентханаға дейін жеткізуін сұрап, әйелінің босанғалы жатқанын айтыпты. Сол кезде полиция сержанты Ғалымжан Постанов пен Әміржан Есенбаев ойланбастан қызметтік көлігінің жарық және дыбыстық сиренасын қосып, «Хонда» жүргізушісіне соңынан жүруін бұйырды. Босанушы әйел 5 минутқа жуық уақыт ішінде №3 перинаталдық орталыққа жеткізілді. Қуанышқа орай, ол дені сау ұл баланы өмірге әкелді. Олардың жағдайын білдік. Анасы да, сәбиі де өздерін жақсы сезінеді», – дейді қалалық полицияның Жергілікті полиция қызметі басқармасының Жол-патруль полициясы полкінің командирі, полиция полковнигі Манап Саттаров.

Ертесі күні әке атанған ер адам өздеріне көмектескен жол-патруль полицейлерін тауып, көрсеткен көмегі, адамгершілігі және шұғыл әрекеті үшін алғыс білдірді.

«Олардың жағдайына бей-жай қарамаған полицейлердің арқасында дені сау батыр дүниеге келді. Алдағы күндері Постанов пен Есенбаев жұмысынан тыс уақытта жас босанған ана мен сәбиге барып, жағдайын біліп қайтады», – дейді Саттаров.