​Алматыда 10 есе арзан жерүсті метросын салу ұсынылды

0
675

Алматыда екі теміржол вокзалының аралығына жерүсті метросын салу ұсынылды.


​Алматыда 10 есе арзан жерүсті метросын салу ұсынылды

иллюстрациялық фото

Урбанистер мұны бұған дейінгі станциялардың құрылысынан 10 есе арзанға түсетінін айтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Жұртшылықтың Алматы-2 бекетінен біріншісіне жетуіне де жайлы болар еді дейді. Дегенмен қала құрылысына жауаптылар қаланың төменгі бөлігінде халықтың орталықпен салыстырғанда аз шоғырлануына байланысты, экономика жағынан өзін өзі ақтай алмайды дейді.

Бұл идеяны қазақстандық сәулетші-урбанист Аян Зикирин өзінің инстаграм парақшасында жариялаған. Шаһардағы адамның көптігі мен қаптаған көлік кептелісі жас маманды да бейжай қалдырмапты. Мәселені шешуге атсалысқысы келген ол метроны вокзалға дейін созып, Алматы 2-ден бірінші Алматы аралығындағы теміржол желісі арқылы жер үстіне шығаруды ұсынды.

"Ескі вокзалдың қасында метро жоғары көтеріледі. Өйткені ол жерде онсыз да депо бар. Демек жаңа маршрут қазудың қажеті жоқ. Тек ескі филиалдың орнына жерүсті метросын ұйымдастырып, оны негізгі станциямен біріктіру керек. Бұл жер астындағы сейсмикалық қазба жұмыстарымен салыстырғанда әлдеқайда арзанға түседі", - дейді урбанист Аян Зикирин.

Жаңа желі Түрксіб пен Жетісу аудандарындағы 500 мыңнан аса тұрғынға қолайлы боларына сенімді. Сондай-ақ халықтың көп бөлігі арзан көлік түрін қуана пайдаланады деп отыр. Ал ескі вокзал маңындағы қоймаларды қаланың ішінен сыртқа қарай ығыстыру жөнінде де ұсыныс тастады.

"Қала орталығындағы жер телімдері өндірушілер емес, тұрғындар үшін қолайлы болуы қажет. Әрине, ол біршама уақыт пен қаражат қажет етеді", - дейді урбанист Аян Зикирин.

Дегенмен шаһардың қақ ордасынан көпқабатты үйлер, саябақтар, әлеуметтік нысандар салынып, неге халықтың тыныс-тіршілігін одан әрі арттырмасқа. Алайда қала құрылысын жобалаушы мамандардың өз жоспары бар екен. Айтуларынша қос вокзалдың аралығына жерүсті метросын салу тиімсіз дейді. Ең алдымен көрсетілген талапқа сәйкес халық саны жеткіліксіз.

"Үнемі қандай да бір ұсынысты қабылдамас бұрын, оны кешенді түрде қарастыру керек. Транспорт — бұл жүйе. Ол экономикалық және қала құрылысына тікелей байланысты. Қазір Алматы-2 мен Алматы-1-ді жалғап тұрған орынға құрылыс жүргізуге болмайды. Өйткені ол табиғатты ерекше қорғайтын аумақ. Сондай-ақ адамдардың аяқ алысы аз. Бұл тіптен экономика үшін тиімсіз. Өзін-өзі ақтай алмайды. Бұған қоса жүк тасымалына да кедергі келтіреді", - деді Алматыгипрогор институты директорының орынбасары Алтай Сатыбалдиев.

Алайда бас жоспарда теміржол желісінің мәселесі баяғыда-ақ қарастырылыпты. Ол жерде трамвай желісін қайта жандандыру жайында ұсыныс бар екен. Тіпті қаржы жағынан да арзанға түсетінін айтады.