ERNUR.KZ. Алматыдағы емханалардың бірінде дәрігерлер жұмысқа шығудан бас тартты. Оған медициналық мекемеде әріптестер арасында туындаған жанжал себеп болып отыр, деп жазады Stan.kz.
Аурухана жұмысшылары өздерімен бірге жұмыс істейтін фильтр дәрігері мен аға мебдикеге шағымдануда. Оларды жұмыстан шығарып жіберуін басшылықтан талап етіп отыр.
7 шілде күні, медициналық мекеме қызметкерлері осы екі әріптесі жұмыстан кетпейінше, науқастарды қабылдамайтынын айтып, шу шығарған. Айтуларынша, жұмысқа осы кісілер келгеннен соң, ұжымда түрлі проблемалар басталған.
"73 адам болып қол қойып отырмыз. Олардың барлығы осы екі адаммен жұмыс істегісі келмей, орнымызды босатамыз деп отыр. Өсек-аяң, ылаң салып жүреді. Жастарға қандай үлгі көрсетпек? Әсіресе, жас дәрігерлерге, мебдикелерге қандай тәрбие береді?", - дейді №18 аурухана филиалының медбикесі Гүлжан Әлімканова.
Кейіннен тіптен олардың жемқорлыққа қатысы бар екені анықталған. Ұжымды дүрліктірген қызметкерлер мемлекеттік мекемеде науқастарды ақылы түрде қабылдаған деген күдікке ілінген. Бұл туралы әкімшіліктегілер айтып берді.
"Біз жемқорлық деректерін анықтадық. Ол кісі фильтр-кабинетте ақылы түрде науқастарды қабылдаған. Біздің №18 қалалық емханада ақылы қабылдаулар жүргізуге болмайды. Себебі, біз мемлекеттік мекеме болғандықтан, ақылы түрде қабылдау жасамаймыз", - дейді бас дәрігердің орынбасары Әсел Сағындықова.
Алайда ұжымға жақпай қалған екі маман болса, өздеріне тағылған айыппен келіспейді.
“Ол кісі бастапқыда менің әпкемнен фильтрдегі орнын босатуды талап етті. Әпкем келіспеген соң, оған әдейі науқас жіберіп, алдап түсіріп отыр'', - дейді аға медбике Майра Жанғабаева.
Денсаулық сақтау басқармасындағылар аталған жайтты естіп, шұғыл түрде қызметтік тексеріс жүргізген. Тексеріс нәтижесі 15 күннен соң белгілі болмақ.
"Негізінде бұл жерде адами фактор орын алған. Жаңа басшы тағайындаған кезде кей ұжым мұндай ауыс-түйісті ауыр қабылдайтын сияқты. Қызметтік тексеріс аяқталғаннан соң, біз бұл іске нүкте қоямыз'', - дейді Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали.
Айта кету керек, бүгінгі таңда ауруханадан 30 мыңнан астам адам медициналық көмек алады. Дәрігерлердің бақылауында 149 адам тұрса, оның ішінде 60 адам Covid-19 жұқтырған.