Алматыда 4 базар сүрілетін болды

0
932

Ең үлкені – М.Шолохов көшесінің бойындағы Алматы-1, базары.


Алматыда 4 базар сүрілетін болды

ERNUR.KZ. Түрксіб ауданында орналасқан 4 базар сүріліп, қайта салынатын болады. Бұл туралы аудан әкімі Павел Кулагин айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Түрксіб ауданында орналасқан Алматы-1, Сейфуллин даңғылындағы Ақбұлақ, Алтай базары, вокзал маңындағы Керуен базары сүріліп, қайта салынатын болады.

«Базарларды модернизациялау бойынша жобалар дайын. Ең үлкені – М.Шолохов көшесінің бойындағы Алматы-1, базары. Онда жобаға сай жаңа базар салынады. Бүгінде инвесторлар құрылыс-монтаждау жұмыстарының жобасын дайындауда. Базардың бір бөлігін бұза бастадық. Құрылыс жұмыстары екі жылға созылуы мүмкін. Сондықтан ондағы саудагерлер уақытша басқа базарларда сауда жасайтын болады», - дейді Түрксіб ауданының әкімі Павел Кулагин баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта кәсіпкерлер қызметі мен сауданы дамыту үшін барлық жағдай жасалуда.

«Қазір ауданда 10 базар жұмыс істеп тұр. (Үміт, Баһар, Арман, Алтай, Сапар, Керуен, Ақбұлақ, Мехрениса, Жетісу, және Түрксіб жәрмеңкесі). Алты базар модернизациядан өтті. Осы жылдың аяғында «Алтай» және «Керуен» базарлары қайта қалпына келтіріледі. Ондағы инвестиция көлемі 90 млн теңгені құрады, сонымен қатар «Ақбұлақ» және «Алматы-1» базарларын жаңарту 2020 жылға жоспарланған», - деп толықтырды П.Кулагин.