Үкім заңды күшіне енген жоқ.
ERNUR.KZ. Алматыда қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға сот үкімі шықты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Сотта 16 сотталушыға қатысты аса ірі көлемде қаражат тарту арқылы қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін басқару және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруда делдалдық жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.
Сот айыпталушы А. мен іске қатысы бар өзге де азаматтардың 2017 жылдың мамыры мен 2020 жылдың желтоқсаны аралығында қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін ұйымдастырып, басқарғанын анықтады.
Ұйымдастырушылар жарнамалық науқандар жүргізген, кірісі жоғары инвесторларды тартып, салымшылар санын ұдайы арттырып отырған. Экономикалық қызмет көрсетуге лицензиялары болмағанына қарамастан, салымшыларды тартумен, оларға валюта нарығында ойдан шығарылған инвестициялық операцияларды ұсынумен айналысқан.
«Қаржы пирамидасы 1345 жәбірленушіге аса ірі көлемде – 6 136 223 773 теңге залал келтірді. Сот үкімі бойынша 16 адам аса ірі көлемде қаржы тарту арқылы қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін басқарғаны және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруға делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. 15 айыпталушы 6 жыл 2 айдан 6 жыл 8 айға дейін бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар 5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарын басқаруға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды», - делінген хабарламада.
Тағы бір айыпталушы 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.