"Бұрын қыруар қаржы жұмсалған үлкен, монументалды жобалар азайтылды. Биыл жастар тарапынан көптеген жобалар ұсынылып отыр".
ERNUR.KZ. Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстанның киноиндустриясына арналған брифинг өтті, деп жазады inbusiness.kz.
"Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" КЕАҚ өкілдерінің айтуынша, отандық фильмдерді көбінесе жас режиссерлер түсіреді.
Спикерлер атап өткендей, биыл Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өткізген байқау қорытындысы бойынша 62 киножоба қаржыландырылады. 2019 жылы 17 киножоба, ал 2020 жылы 39 фильм қаржыландырылған болатын.
Биыл елімізде бір мезгілде 18 толық метражды, 19 деректі, 17 қысқа метражды және 8 анимациялық фильмнен тұратын түрлі жанрдағы 60-тан астам киножоба түсірілмек, бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.
"Сараптамалық кеңес 80%-ға жаңартылды және ұсынылған жобалар әлдеқайда қызықтырақ әрі сапалы болмақ. Бұрын қыруар қаржы жұмсалған үлкен, монументалды жобалар азайтылды. Биыл жастар тарапынан көптеген жобалар ұсынылып отыр", - деді Қазақстанның Халық әртісі, "ҰКҚМО" КЕАҚ жанындағы сараптама кеңесінің төрағасы Досхан Жолжақсынов.
Сарапшының айтуынша, олар шығармашылық жолын енді бастаған кинемотографистердің өміріне жолдама болатын бюджеттік жобаларға басымдық беруге тырысып отыр. Халық әртісі қазақстандық киноның сапасы туралы сөз қозғады, жас көрерменге аса қажет отандық анимацияның жай-күйі жайлы да айта кетті. Алдыңғы екі байқауда 5 анимациялық жоба қолдау тапса, биыл – 8 жоба жарық көрмек.
Досхан Жолжақсынов байқаудың ашық әрі әділ өтіп жатқанын, жобаны қорғау процесі онлайн трансляцияланатынын атап өтті. Кез келген байқауда жеңіске жететіндермен қатар жеңілетіндер де болады, сондықтан барық жоба бірдей мақұлданбайды. Биылғы жылы киножобаларды қорғауға 208 өтінім қабылданды, оның 122-сі толықметражды фильм, 86-сы қысқаметражды фильмд. Конкурстық өтінімдер арасында әлеуметтік маңызы бар көркем фильмдер, деректі және дебюттік фильмдер көп.
Брифинг барысында мемлекеттік қолдауға ие болған жас киногерлер қатары жыл санап артып келе жатқаны белгілі болды. Осы жазда киноға баға беретін қазылар алқасына ондаған дебютердің жұмысы ұсынылды.
Биыл мемлекеттік қаржыландыру сомасы 5,6 млрд теңгеден асатыны белгілі болды. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар фильмдерге (оның ішінде анимациялық) 4,95 млрд теңге. 500 млн теңгеге жуығы "дебют" санаты бойынша өтетін фильмдерге, тағы 129,5 млн теңге кең аудиторияға арналған фильмдерге, 25 млн теңге бірлесіп шығарылған фильмдерге жұмсалады.