Әлнұр Ильяшев елде жарияланған төтенше жағдай кезінде біле тұра жалған ақпарат таратты деген күдікке ілінді.
ERNUR.KZ. Азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеу аясында ұсталды. Тергеушілердің айтуынша, ол бірнеше рет жалған ақпарат таратып, жұртшылықты әдейі адастырған, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Алматы полиция департаментінің хабарлауынша, тұтқындауға дейін Ильяшевке жалған ақпарат таратуға болмайтыны туралы бірнеше рет ескертілген. Алайда ер адам ешбір ескертуге құлақ аспай, заңсыз әрекеттерін жалғастыра беріпті.
"Қазіргі уақытта бұл факті Қазақстан Қылмыстық кодексінің 274-бабы 4-бөлігі – "Төтенше жағдай кезінде әдейі жалған ақпарат тарату" бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді", - делінген қалалық полиция департаменті тергеу басқармасының хабарламасында.
Полиция сонымен бірге, Ильяшевтің қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторында отырғанын айтты. Тергеу жалғасуда.
Егер азаматтық белсендінің кінәсі дәлелденсе, онда ол үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.