60 жастағы Наталья Шамузова былтыр қарашаның қақ ортасында басына сүңгі мұз құлап, қаза тапқан.
ERNUR.KZ. Жантүршігерлік оқиғаға қатысты тергеу созбаққа салынған. Жәбірленуші тарап қайғылы оқиғадан соң 8 ай өтсе де, әлі күнге дейін істің сотқа дейін жетпегеніне шағымданып отыр, деп жазады baq.kz.
Қаза болған Наталья Шамузованың туыстары оның өліміне кінәлілер жауапқа тартылса дейді. Алайда, бір қызығы шатырдағы сүңгі мұзды түсіруге тиіс басқарушы компанияның басшысы бұл істе тек куәгер ретінде танылған екен.
60 жастағы Наталья Шамузова былтыр қарашаның қақ ортасында басына сүңгі мұз құлап, қаза тапқан болатын. Қайғылы оқиға Марков көшесіндегі көпқабатты үйдің тура алдында болған. Зейнеткер Наталья Шамузова негізінде бала-шағасымен Дубайда тұрып жатқан. Ал, туған жері Алматыға денсаулығына байланысты тек 5 күнге келіпті. Сол қаралы күні Наталья медициналық орталыққа массаж жасатуға бара жатқан. Бірақ қапияда қақ төбесіне шатырдағы мұз құлаған ол тіл тартпай кетті. Осы жантүршігерлік жайттан соң дереу қылмыстық іс қозғалған еді. Дегенмен, тергеу «8 айдан бері созбалаңға салынып келеді» дейді жәбірленуші тарап.
«Сегіз ай өтті. Содан бері іс әлі тергеліп бітпеді. Біздің ойымызша, бұл оқиғаны оқыс жағдайға балап, істі жылы жапқылары келіп отыр. Бастапқыда тергеуге сол үйдің күтіміне жауапты басқарушы «Верный выбор» компаниясының директоры Қазбек Кәрібаев шақыртылған еді. Кейін ол куәгер болып шыға келді. Бұл компанияға Марков көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғындары үй күтімі үшін арнайы жарна төлеген. Алынған төлемге сәйкес компания өкілдері қыстың күні үйдің шатырынан қар мен мұзды тазартуға міндетті болған. Бірақ, олар мұндай қызметті атқармай, салдарынан адам өлімі болып отыр. Наталья Шамузованың басына түскен сүңгінің салмағы 130-150 келі аралығында. Мұздың үлкендігінен марқұмның бас сүйегімен қоса, беліне дейін зақым келген», – дейді жәбірленушілердің адвокаты Наталья Полянская.
Марқұмның өліміне қатысты 306-бап, яғни қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тиісті сараптамалар жүргізіліп, куәгерлерден де жауап алынған. Бірақ, Наталья Шамузованың өліміне кінәлілер сол күйі анықталмапты. Шатырдағы кесек мұзды түсіруге тікелей кім жауапты болғаны жұмбақ күйінде қалған. Жәбірленуші тараптың қорғаушысы істің созбаққа салынғанын айтып, құзырлыларға бірнеше мәрте шағымданған көрінеді. Бірақ еш нәтиже шықпаған.
«Алматы қаласының прокуроры 2019 жылдың сәуірінде арызыма «Сіздің дәлелдеріңіз тексерілді және тергеушіге тергеу әрекеттерін жүргізу туралы нақты нұсқаулар берілді» деп жауап берді. Сондай-ақ, ол алдын ала тергеуді аяқтап, процедуралық шешім қабылдау қажеттілігі туралы да жазған болатын. Бұл жауап 17 сәуірде Бостандық ауданының прокуратурасына жіберілді. Бірақ, содан кейін де іс бір орыннан қозғалмай тұр. Осы уақытқа дейін ешкім күдікті ретінде танылмады. Не ешкім кешірім сұрап, көңіл айтып келмеді», – дейді жәбірленуші тараптың адвокаты.
Ал Полиция департаментіндегілер тиісті шаралар жүргізіліп жатқанын, әлі де сараптама қажет екенін айтты.
«Осы уақыттың ішінде 2 сот-медициналық сараптамасы өткізілді, оның бірі – кешенді сот-сараптамасы. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында коммисионды сараптамалық зерттеу тағайындалып, қолымызға оның нәтижелері түскеннен кейін Бостандық аудандық ІІБ-ның тергеушілері іс бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданатын болады. Міндетті түрде прокуратураға іс-материалдары жөнелтіліп, содан соң сотқа жіберілетін болады», – дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Марқұмның туыстары тергеу жұмыстарының тиісті жүргізіліп, кінәлілер жауапқа тартылады деп үміттенеді. Олар болған жайт қызметіне жауапсыз қарайтындарға сабақ болса дейді. Өйткені мұндай қайғылы оқиға әркімнің басына келуі мүмкін.