Алматыда әйелге балтамен тап берген жас жігіт ұсталды

0
1 124

Серуеннен келген әйел жатын бөлмеде балтамен жүрген қаскөйдің үстінен түседі.


Алматыда әйелге балтамен тап берген жас жігіт ұсталды

ERNUR.KZ. Алматы полициясы әйелге балтамен шабуыл жасаған ер адамды Түрксіб ауданындағы жеке секторда жүрген жерінен ұстады. Күдіктінің жасы 27-де болған, деп жазады ҚазАқпарат.

«Алматыдағы Түрксіб ауданының аумағындағы жеке секторда бірнеше сағат бұрын жас жігіт қолына балта ұстап, серуендеп жүрген. Тергеу амалдарының арқасында анықталғанындай, ерлі-зайыпты екі адам қыдырыстан кейін үйіне қайтып келе жатқан. Отбасының отағасы кішкентай ұлымен бірге әйелін үйіне дейін жеткізіп, үйінде бөгде ер адамның барын білместен, жұмысына кете барады. Алайда әйелі мен баласы қақпаны жауып, үйіне қарай беттей бергенде тоңазытқыштың ашық тұрғанын көреді. Одан кейін үй ішін аралай келе жәбірленуші әйел ас үйде ноутбуктың колонкалары жатқанын, ал жатын бөлмеде заттардың шашылып жатқанын, дәл сол бөлмеде еуропалық сипатты белгісіз ер адамның шкафтарды ақтарып жатқанын көреді», - делінген департаменттің хабарламасында.

Күдікті ер адам үйдің отанасын көріп қалғаннан кейін оған балтамен тап береді. Әйел қорыққанынан қаша жөнелгенімен, жерге тайып жығылған. Күдікті осыны пайдаланып, әйелдің басынан балтаның жүзімен екі мәрте ұрған. Әйел құлап түскеннен кейін қылмыскер ізін суытып, қашып кеткен.

«Жараланған әйел есін жиып, кішкентай баласын тауып алып, үлкен ұлына қоңырау шалып, әкесіне хабар беруді сұраған. Үйдің отағасы бар-жоғы 10 минутта үйге жетіп, санаулы минуттардың ішінде полиция қызметкерлері де үйге келіп үлгереді. Күдікті үйдегі зергерлік бұйымдар мен 100 мың теңге ақшаны жымқырып үлгерген. Полиция бірден іске кірісіп, аз уақыттың ішінде әлгі жігіт ұсталды. Күдікті 1992 жылы туған жігіт. Бұрын бірнеше мәрте сотталған. Жұмыс істемейді», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта күдіктіден жауап алынып жатыр. ҚР ҚК-нің 192-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.