Қайыр-садақа сұрайтындар қоғамдық орындардағылардың мазасын алған.
ERNUR.KZ. Алматыда қайыр сұраумен айналысатын адамдарды анықтау үшін рейд жүргізілуде, деп жазады ҚазАқпарат.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайыр-садақа сұрайтындар қоғамдық орындардағылардың мазасын алады. Осы мәселенің алын алу үшін «Қайыршы» жедел-профилактикалық шарасы өткізілуде.
«Арнайы рейд жүргізетін топ құрылды. Оның құрамында полиция, прокуратура, жұмыспен қамту орталығы мен әкімдік өкілдері бар. Өткен бір тәулік ішінде қайыршылықпен айналысқан 63 адамды анықтадық. Оның ішінде 7 кәмелетке толмаған бала бар. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449-бабы бойынша 13 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция басқармасына жеткізілген адамдарға мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету үшін аудандық және облыстық жұмыспен қамту орталықтарына ақпараттар жолданды», - деді Алматы қалалық Жергілікті полиция басқармасының басшысы Төрехан Исин.