Алматыда коронавирустың мутацияланған штамдары анықталды: Бекшин үндеу жасады

0
2 178

Алматы «қызыл» аймақта тұр. Мутацияға түскен штамның барын ескере отырып, індетті жұқтырудың жоғарғы деңгейі сақталуда.


Алматыда коронавирустың мутацияланған штамдары анықталды: Бекшин үндеу жасады

ERNUR.KZ. Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин қала тұрғындарына маска режимі мен әлеуметтік қашықты сақтап, адам көп жиналатын жерге бармауға шақырды, деп жазады ҚазАқпарат.

Алматыда Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, вице-министр Ажар Ғиният пен Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова бастаған республикалық комиссия мүшелерінің қатысуымен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі қалалық комиссияның кеңейтілген шұғыл отырысы өтті.

«Жиында биылғы эпидемиологиялық жағдайға байланысты мәселелер талқыланды. Қала стационарлары мен емханаларындағы пациенттер мен персонал ағынының қозғалысын сақтау, халыққа медициналық көмек көрсету, инфекциялық бақылау талабының сақталуы тұрғысынан бірқатар медициналық ұйымдардың жұмысы тексерілді. Сондай-ақ, қаланың санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің қатысуымен жедел штаб өткізілді»,- дейді Жандарбек Бекшин.

Сонымен қатар, ол республикалық комиссия мүшелері қалада эпидемияға қарсы қабылданған шараларды мақұлдағанын жеткізді.

«Алматыда жүзеге асырылған жұмыс алгоритмін, бұрын бекітілген аймақтарға бөлу жоспарларын іске асыруды және инфекциялық қауіпсіздікті сақтауды, сондай-ақ үйдегі стационарлардағы адамдарға медициналық бақылау жүргізу үшін Телемедицина орталығын пайдалану қажеттігін ескере отырып, соматикалық медициналық ұйымдарды ковидтік бағдарға ауыстыру схемасын қолдады. Сонымен қатар, алдағы уақытта атқарылар жұмыстар бойынша бірқатар тапсырма берілді», - дейді ол.

Алматы «қызыл» аймақта тұр. Биыл мегаполисте КВИ-ді жұқтырған 12 800 адам тіркелді. Мутацияға түскен штамның барын ескере отырып, індетті жұқтырудың жоғарғы деңгейі сақталуда.

Өзгерістер байқалған аймақтарды геномдық ретке келтіру нәтижелері белгілі болды – коронавирус «британдық» және «оңтүстікафрикалық» штамдарына тән мутациялар анықталды.

Жаңа штамдардың контагиозы жоғары. Алдыңғы базалық штаммен салыстырғанда жаңа штамдардың жұқтыру көрсеткіші 70% дейін жоғары. Яғни, бұл инфекция – өте жұқпалы. Міне,осы жағдай мегаполисте анықталған инфекциялардың өршуіне әкелді.

Қалада қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Ж.Бекшин қала тұрғындарына үндеу жасады.

«Құрметті алматылықтар және қала қонақтары. Бүгінде өзіңізді КВИ-ден қорғаудың жалғыз жолы – вакцинация. Сәуір айында біз вакциналардың жаңа дозаларын күтіп отырмыз. Сонымен қатар, Алматыда екі миллион тұрғынның бар екенін, сондай-ақ көші-қонның жоғары деңгейін ескере отырып, қазір жаңа штамдар айналымы аясында баршаңызды ковидке қарсы шараларды күшейтуге шақырамын. Бетперде режимі мен әлеуметтік қашықты сақтап, қоғамдық орындарға бармауға, адам көп жиналатын жерден аулақ болуға шақырамын», - дейді қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда коронавирустың жаңа штамдары тексеріліп жатқаны туралы хабарлаған болатынбыз.