Оқиға 9 сәуірге қараған түні Рысқұлов даңғылында болды.
Фото: t.me/youralmaty/Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Алматыда бірер күн бұрын оқыс оқиға болды. Қалада жол жұмысын жүргізіп жүрген екі жұмысшыны мотоциклші қағып өлтірді. Оқиғадан зардап шеккен тағы бір адамның жағдайы белгілі болды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы 9 сәуірге қараған түні Рысқұлов даңғылында сағат 01:30-да болған. Мотоцикл жүргізушісі жүйткіп келе жатып, сол бағытта келе жатқан Mercedes көлігімен соқтығысқан. Салдарынан мотоцикл жүргізушісі жол жұмыстарын жүргізіп жатқан үш жаяу жүргіншіні – екі ер адам мен бір әйелді қағып кеткен.
Оқиғадан екі ер адам сол жерде көз жұмды. Ал бір әйел ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.
Оның жағдайы туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеме жасады.
«Пациент №7 қалалық клиникалық ауруханаға көптеген жарақаттармен, ауыр халде түсті. Қазіргі уақытта реанимация бөлімшесінде барлық қажетті медициналық көмекті алып жатыр. Жағдайы өте ауыр», - деп жауап берді Денсаулық сақтау басқармасы агенттік тілшісіне.
Оқыс оқиғадан мотоцикл жүргізушісінің өзі де жараланып, қазір ауруханада ем қабылдап жатыр.
Айта кетейік, полиция екі адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғаған болатын. Тиісті сараптамалар тағайындалды.