Алматыда өзгенің көлігін айдап әкеткен ер адам 19 жастағы жігіттің өмірін қиды

0
736

Алаяқтық жасап, автокөлік ұрлап, адам өліміне әкеп соққан жол-көлік апатын жасаған тұрғын небәрі 5 жылға сотталды.


Алматыда өзгенің көлігін айдап әкеткен ер адам 19 жастағы жігіттің өмірін қиды

ERNUR.KZ. Алматыда алаяқтықпен іздеуде жүрген ер адам өзгенің көлігін ұрлап әкетіп, басқа көлікке соғылған. Соның салдарынан 19 жастағы жас жігіт ажал құшты, деп жазады Azattyq Ruhy.

Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Түрксіб аудандық сотында алаяқтық жасады, автокөлік ұрлады және абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол-көлік апатына себепші болып, оқиға орнынан қашып кетті деп айыпталған азамат сотталды.

«А. есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс қысқартылған тәртіппен қаралды (Қылмыстық кодекстің 190-бабы 1-бөлігі, 200-бабы 3-бөлігі, 345-бабы 3-бөлігі, 347-бабы). Сот осы жылдың қаңтар айында 21 жастағы азамат А.-ның жәбірленуші Б.-дан құны 600 мың теңге болатын ойын приставкасын жалға алып, оны бейтаныс адамға 160 мың теңгеге сатып жібергенін анықтады. Түскен қаражатты өз мүддесіне жұмсаған азамат жәбірленушіге 600 мың теңге көлемінде залал келтірген», - деп атап өтті сот өкілдері.

Сотталушының басқа да бірнеше қылмысқа қатысы болғаны анықталды. Сотталушы 2022 жылдың наурыз айында Сейфуллин көшесінің жол жиегінде қойылған жәбірленуші П.-ға тиесілі «Тойота Прадо» маркалы автокөлікті айдап әкеткен.

«Оқиға орнынан ізін суытпақ болған қылмыскер жылдамдықты асырып, апатқа ұшыраған. Соның салдарынан JEEP автокөлік жүргізушісінің денсаулығына ауыр зиян келіп, оның жолаушысы - 19 жастағы Т. көз жұмды. Оқиғаға кінәлі азамат оқиға орнынан жаяу қашып кеткен», - делінген сот хабарламасында.

Сараптамаға сәйкес, жол апатынан келген шығын көлемі 4 миллион 600 мың теңгені құраған.

«Көлік ұрлап, онымен өзгенің өмірін қиған ер адам өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін жеткізді. Жәбірленуші Б.(ойын автоматының иесі) сотталушыны кешірмей, оған заңға сәйкес жаза тағайындауды талап етті. Сондай-ақ соттан келтірілген материалдық залалды өндіруді сұрады. Қалған жәбірленушілер (екінші көліктің жүргізушісі және қайтыс болған жасөспірімнің әкесі) сотталушыны кешіріп, оған талаптары жоқ екенін алға тартты. Сот үкімімен А. жоғарыда көрсетілген қылмыстарға кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды», - делінген хабарламада.

Жәбірленуші Б.-ның 600 мың сомадағы азаматтық талабы толық көлемде қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.