Алматыда подъез бен аулаларды дезинфекциялау жұмыстары қайта қолға алынады

0
599

Алматыда қыркүйекпен салыстырғанда қазан айында вирус жұқтырғандар саны екі есеге өскен, яғни 165-тен 360-қа дейін жетіп отыр.


Алматыда подъез бен аулаларды дезинфекциялау жұмыстары қайта қолға алынады

ERNUR.KZ. Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин "Санитарлық-эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық іс-шараларды өткізу туралы" 2020 жылғы 30 қазандағы Қаулыға қол қойды, деп жазады zakon.kz.

Құжатқа сәйкес, тұрғын үйлерде дезинфекция жүргізу қайта қолға алынатын болды.

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Алматының бас санитар дәрігерінің 30 қазандағы №2 қаулысы тарады. Дүйсенбі күні Алматының тауарлар мен қызмет сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаменті бұл жалған ақпарат деген мәлімдеме жасады. Алайда кешке COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның телеграм-каналы Жандарбек Бекшиннің қаулысына сілтеме жасады. Тиісті құжат Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің сайтында жарияланған.

Қаулыда Алматыда қыркүйекпен салыстырғанда қазан айында вирус жұқтырғандар саны екі есеге өскені жазылған. 165-тен 360-қа дейін жетіп отыр. Сондай-ақ, індет, негізінен, ұжымдарда, қоғамдық орындарда, көпқабатты үй кіреберісінде, қалалық көлікте таралатыны айтылған. 60 жастан асқан адамдар арасында жиі кездеседі. Сондықтан тұрғын үйлерде аптасына үш рет дезинфекция жүргізу тапсырылған.

Қоғамдық көлікте де бұл жұмыс күшейтіледі. Ғимараттар мен кеңселерде күн сайын тазалап, жуу қарастырылған.