Алматыда жаңадан салынған 100-ден астам жолдың сапасы сын көтермейтіні анықталған

0
658

Жол құрылысындағы мұндай олқылықтарды «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» қалалық филиалы тіркеген.


Алматыда жаңадан салынған 100-ден астам жолдың сапасы сын көтермейтіні анықталған

ERNUR.KZ. Алматыда соңғы бір жыл көлемінде 100-ден астам жаңадан салынған жолдың сапасы сын көтермейтіні анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жол құрылысындағы мұндай олқылықтарды "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының" қалалық филиалы тіркеген. Бүгін олар қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдерімен бірге шаһарда төлесіп жатқан асфальт құрылысымен танысып, сапасын тексерді.

"Сапалы жол – адалдық алаңы" атты жобалық кеңсенің аясында «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» мамандары мен қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері арнайы рейдке шықты. Мониторингтік топ қаладағы жол құрылысын бақылап, тиісті нормалардың қаншалықты сақталып жатқанын тексерді. Олар Алатау ауданында төселіп жатқан көшелердің біріндегі жол құрылысынан өрескел ақау тапты.

"Жамылғының қалыңдығы 11 см болуы керек. Енді мынаны біз тексеріп қараған кезде мына нысанда жамылғы жобаға сәйкес емес. Орта есеппен алғанда 7-7,5 см шығып тұр", - дейді жоба өкілі.

Бұл көшенің ұзындығы 200, ал ені 6 метр болады. Мұнда бұрын соңды тас жол болмаған. Енді мердігер компанияға жолды қайта жасауға тура келеді.

«Шаңырақ» ықшам ауданындағы Жарқынбаев көшесіндегі жолдың беті алынып, қайтадан асфальт төселеді. Қазір құрылысшылар асфальттан қалған үйіндіні осылайша алып жинап жатыр.

Құрылыс барысында мердігер компанияның иесі көрінбеді. Десе де мамандар мұндай бақылау жүргізіліп, ескерту жасалмаса бұл салынған жол бір жылға жетпей-ақ тоз-тозы шығады дейді.

«Менің ойымша, кемшіліктердің себебі жақсы мамандардың жетіспеуінен болуы мүмкін, бәлкім, ақша үнемдеу болуы мүмкін. Ол екеуінде де шығын болып тұр. Бұл объект бүгінгі күнге дейін әлі эксплуатацияға берілген жоқ. Сол себепті жемқорлық болмауы үшін алдын ала ескертіліп жатыр», – деді қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Елнар Игіліков.

Егер көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, тас жол 3 жылға, ал жаңадан төселген асфальт болса, жол 5 жылға дейін бұзылып кетпеуі керек.

«Былтырдан бері істеп жатқан жұмысымыздың аясында 100-ден аса ақау анықталды. Ол ақаулардың бәріне сәйкеснші хаттамалар жазылып мердігерге, тапсырыс берушіге хаттар жазылып, олардың бір 80 пайызы қалпына келтірілді. Қалған 20 пайызы қазір қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде», – деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы қалалық филиалының директоры Мәулен Әліпов.

Жалпы биыл елімізде жол құрылысына қазынадан 700 млрд теңге қыруар қаржы бөлінген. Ал қала жолдарын жөндеуге шамамен 45 млрд теңгеге жуық ақша жұмсалмақ.