Ескі тергеу абақтысы орнына тұрғын үйлер салынатын болады
ERNUR.KZ. Алматыда Сейфуллин даңғылының бойында орналасқан ЛА-155/1 тергеу абақтысы жабылды, деп жазады azattyq.org.
Қалалық прокуратураның хабарлауынша, бұл абақтыдағы тұтқындар ЛА-155/18 мекемесіне ауыстырылды. Прокуратура 1930-жылдары салынған абақты қазіргі талаптарға сай келмейтінін және қала орталығындағы тұрғындарға қолайсыздық тудырғанын айтады.
ЛА-155/18 мекемесінде тұтқындарды тергеу амалдарына апару жайы ретке келтірілген. Енді тергеушілер тұтқындарды тікелей мекемеге алып бара алады.
Алматыда ЛА-155/1 абақтысының бұзылып, тұтқындары басқа жаққа көшірілетіні туралы 2016 жылы айтыла бастаған. Қаланың бас жоспары бойынша, ескі тергеу абақтысы орнына тұрғын үйлер салу көзделген.
Бұл абақтыда отырып шыққан құқық қорғаушылар "ескі тергеу абақтысының адамға лық толы камераларына қамаудың өзі тұтқындардың құқығын бұзу" деп санайды.