Алматыдағы медреседе 15 жастағы жасөспірімді ұстазы соққыға жыққан

0
294

Ғимараттан қашып шығып, қар үстінде жалаң аяқ бас сауғалаған жасөспірімді жақын маңдағы адамдар байқаған.


Алматыдағы медреседе 15 жастағы жасөспірімді ұстазы соққыға жыққан

ERNUR.KZ. Алматыда "заңсыз діни жоралғылар өткізеді" деген күдікке ілінген қайырымдылық мекемесінің қызметкері сонда тұратын 15 жастағы жасөспірімге қол көтеріп, соққыға жыққан, деп жазады stan.kz.

Ғимараттан қашып шығып, қар үстінде жалаң аяқ бас сауғалаған жасөспірімді жақын маңдағы адамдар байқаған.

“Алдымнан бір жасөспірім шыға келді. Жалаң аяқ жылап тұр. Қорыққаннан көліктің артына тығылып қалды. Не болғанын сұрадым. Ол маған соққыға жығылғанын айтты”, – деді куәгер Абзал Шәкенов.

Абзалдың айтуынша, сол кезде басқа да куәгерлер болған. Олар балаға көмек беріп, мән-жайды полицияға хабарлапты. Ал жеткіншектің өзі ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер соққыдан оның миы шайқалғанын анықтады.

“Баланың айтуынша, медреседе ұстазы ұрған. Бас миының шайқалуы, сол көздің параорбитальді қанталауы диагнозы қойылды”, – деді балалар шұғыл жәрдем орталығы науқастарды қолдау және ішкі сараптама қызметінің басшысы Кұрметбек Тоқтар.

Ауруханада жатқан бала түрін жария еткісі келмеді. Алайда оқиғаның мән-жайын бүге-шүгесіне дейін айтып берді. Ол оқиғаға дейін де өзін нашар сезінген. Бірақ мекеме қызметкерлері пысқырмапты. "Оқымау үшін ойлап тапқан сылтауың" деп, жеткіншектің сөзіне сенбеген.

“Мен оқымаймын, кетемін” десе, ұстазы "Бар кете бер. Қайда кетесің?" деген. Ол жүгіріп бара жатқан кезде ұстап қалып, бетінен ұрған. Баланың психикасына да әсер етіп тұр. Бала шаршады, беті-аузының бәрі ісіп тұр”, – деді баланың анасы Назира Асылбекова.

Оқиғаға қатысты Алматы қалалық ПД пікір білдірді.

“Қазіргі таңда дене жарақатының ауырлық деңгейін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы шыққан сәтте іс материалдары сотқа жіберіледі”, – деді полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Айта кетейік, бұл пансионатқа қатысты алғашқы дау емес. Қайырымдылық мекемесі күдікті әрекетімен бұған дейін де бірнеше рет көзге түскен. Былтырғы қаңтарда оларға тәртіп сақшылары ауқымды тексеріс жүргізіп, оқиға орнынан Қазақстанда тыйым салынған діни әдебиеттер табылғанын мәлімдеді.