Алматылық дәрігерлер жаңа туған сәбиден салмағы 1 кг болатын ісікті алып тастады

0
1 370

Ісік терідегі эрозиялық учаскелердің пайда болуына әсер етіп, тік ішекті қысып, қатты қансырау қатерін туғызған.


Алматылық дәрігерлер жаңа туған сәбиден салмағы 1 кг болатын ісікті алып тастады

ERNUR.KZ. Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының мамандары жаңа туған сәбиге күрделі операция жасады. Дәрігерлер шақалақтың денесіне туабіткен 1 келіден астам ісікті алып тастады, деп жазады ҚазАқпарат.

Ісіктің көлемі өте үлкен, салмағы - 1028 гр. Сегізкөз-құйымшаққа туабіткен ісікті дәрігерлер бала анасының құрсағында жатқанда 19-шы аптада анықтаған. Ісік терідегі эрозиялық учаскелердің пайда болуына әсер етіп, тік ішекті қысып, қатты қансырау қатерін туғызған.

«Жоспарлы операция жасау үшін сәби перзентханадан бірден Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізілді. Хирургиялық операция бала дүниеге келген соң үш тәуліктен кейін жасалды. Өйткені салмағы 3818 грамм болып туған шақалақты алдын ала емге дайындау керек болды. Ісікті алып тастау отасы 3 сағатқа созылды және еш асқынусыз өтті» деп хабарлады ДСМ баспасөз қызметі.

Мамандардың айтуынша жаңа туған балалардағы ісіктерді оперативті алып тастау толық жазылуға кепілдік береді. Жаңа туған нәресте 3-ші тәулікте жансақтау бөлімінен неонотология бөліміне анасының қасына ауыстырылып, ерекше күтім алып жатыр. Ғылыми орталық мамандарының айтуынша, бүгінде баланың жағдайы тұрақты.