Алматылық екі студенттің ажалына не себеп болғаны анықталды

0
3 254

Диас пен Данияр көршілес тұрған, ажырамас дос болған


Алматылық екі студенттің ажалына не себеп болғаны анықталды

ERNUR.KZ. Алматы қаласында Қазақ Ұлттық аграрлық және Абылайхан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеттерінің екі студенті қайтыс болды. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәлімдеуінше студенттер карбюратор тазартқыш ерітіндісінің иіскеп уланған. Алайда аталған жағдайдың қалай және қай жерде орын алғанын ешкім айтпай отыр, деп хабарлайды ktk.kz арнасы.

Қайтыс болған Данияр Байдәулетті танитындар оны тек жақсы қырынан танитындарын және сабақтан қалмайтындығын айтқан. Бірақ бұндай әрекетке не түрткі болғанын білмейтіндерін жариялады. Қайғылы оқиғаны студенттерің ата-аналары мәлімдеген.

«Данияр Байдәулет құқықтану факультетінде бірінші курс студенті еді. Алматы қаласының тұрғыны. Ата-анасымен бірге тұрған. Сабаққа келмей қалғандықтан ұстаздары алаңдаған. Кейін ата-анасы хабарласып, жағдайды айтқан», – дейді Алмат Исәділ, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің баспасөз хатшысы.

Екінші марқұм болған Диас Бұланбай да бірінші курс студенті. Заңгер мамандығы бойынша білімді Абылайхан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде алып жатқан. Университет басшылығы Диасқа байланысты қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Күзетшілер тілшілерді басшылықтың түскі асқа кеткенін айтып университетке кіргізбей қойған.

Университет өкілдері қандай мәселені жасырғанын түсінбеген тілшілер Диастың қатарластарынан ол туралы сұрастырған.

«Диас жақсы бала. Бәрімен тіл табысатын. Ойнап-күліп жүретін. Бірақ, әркімнің ойы әрқандай», – дейді Дулат Исқалиев, Абылайхан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенті.

Екі студенттің өліміне түрлі себептер айтылуда. Олардың таксикоман екендігі туралы да ақпарат тараған. Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәлімдемесі де осыған ұқсайды.

«Оларға таксикологиялық ингаляциялық улану диагнозы қойылған. Карбюраторды тазартуға арналған ерітіндіні иіскеп уланғаннан қайтыс болған», – дейді Әнел Мұсаева, Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы.

Бірақ болған жағдайдың қалай болғаны жайында ешкім тіл қатқан жоқ. Кейбір сөздерге сенсек, Диас пен Данияр көршілес тұрған ажырамас дос болған.