Алматылық студенттер баспана мәселесіне байланысты қиын жағдайда қалып жатыр

0
857

Ол қазақстандық жоғары оқу орындарына қатаң талаптар енгізу туралы бұрынғы мәлімдемесін түсіндіріп өтті.


Алматылық студенттер баспана мәселесіне байланысты қиын жағдайда қалып жатыр

ERNUR.KZ. Алматыдағы жоғары оқу орындарының жүзден аса студенті баспана мәселесіне байланысты қиын жағдайда қалды. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Ол мәселені қалай шешу жоспарланып отырғанын айтты, - деп жазады tengrinews.kz.

"Жатақхана мәселесі бар, бұл бір күннің, бір жылдың проблемасы емес, ондаған жыл бойы қордаланып келеді. Алматыда жоғары оқу орындары шоғырланған. 36 университет, барлық студенттің үштен бірі, оның 70 пайызы басқа қалалардан келгендер. Қазір Алматыда ауқымды шаралар кешенін өткізіп жатырмыз, жатақханалар құрылысына және академиялық инфрақұрылымды кеңейтуге жеке капиталды тарту мақсатында инвесторлармен кездестік. Алматыда жеке штаб құрылды, қиын жағдайға тап болған студенттердің бәрін уақытша орналастырамыз, баспана іздеп жатырмыз. Бүгінде қиын жағдайда қалған 130 студентке көмек көрсетілді", - деді Саясат Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ол қазақстандық жоғары оқу орындарына қатаң талаптар енгізу туралы бұрынғы мәлімдемесін түсіндіріп өтті.

"Егер университет жаңа мамандық ашқысы келсе, осы жаңа мамандық бойынша студенттерді тартқысы келсе, тіпті жаңа университет ашқысы келсе де, жатақханамен 100 пайыз қамтамасыз етуге өте қатаң талаптар қойылады. Университет 100 студентті жаңа мамандыққа тартқысы келеді делік. Мамандығы бойынша ол 100 төсек-орынмен қамтамасыз етілуі керек", - деп түсіндірді министр.

Ол жекеменшік университеттердің кампустарды қала сыртына көшіру бастамасын мақұлдады.

"Сүлеймен Демирел университеті сияқты бірнеше жеке ЖОО-лар кампустарын қала сыртына көшіріп жатыр. Жаңадан құрылған Жетісу өңірінде талапкерлердің бір бөлігін Алматыдан алыстату үшін университет инфрақұрылымын дамыту бойынша үлкен бағдарлама да жоспарланып жатыр", - деді Саясат Нұрбек.