Алматылықтар отадан кейін ауруханада жатпай емделетін болады

0
1 004

Күндізгі емдеу бойынша ауруханада жыл басынан бері 340 ота жүргізілген.


Алматылықтар отадан кейін ауруханада жатпай емделетін болады

ERNUR.KZ. Енді гинекология, урология және офтальмология саласы бойынша ауруханаға жатпай-ақ ота жасатуға болады. Отадан кейін ес жиғанша ғана ауруханада жатып, сосын үйіне шығарылатын науқастар учаскелік дәрігердің бақылауында болады, деп жазады baq.kz.

Мирас Жақсылықовқа осыдан екі күн бұрын ғана ота жасалған. Қазір ол күндізгі стационарға келіп, учаскелік дәрігерге қаралып жүр. 17 жастағы бозбаланың айтуынша, ауруханаға жатпай ота жасау туралы алғаш естігенде, ата-анасы қарсы болыпты. Алайда, кейін барлығын егжей-тегжейлі түсіндірген соң, келісім берген.

«Басында отадан соң кемі 10 күн ауруханада жататын шығармын деп ойлағанмын. Бірақ қазір күндізгі стационар арқылы да емделуге болады екен. Бұл бір жағынан өте ыңғайлы екен адамдарға. Сол себепті осы күндізгі стационарды таңдадым», – деді емделуші Мирас.

Науқастарды отадан кейін ауруханаға жатқызбай емдеу бастамасын ең алғаш №4 қалалық клиникалық аурухана қолға алған. Күндізгі стационар бойынша жұмыс 4 бағытта жүргізіліп жатыр. Оның ішінде хирургия, гинекология, урология және офтальмология бар. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай шара науқастардың тезірек сауығып кетуіне ықпал етеді екен.

«Біздің қарамағымызға урология бойынша варикоцеледен бастап, несеп тас ауруына дейін кіреді. Оның ішінде наркоз да береміз. Науқас есін жиғаннан кейін күндізгі стационарға ауыса алады. Осылай келіп-кетіп операция жасату науқасқа да, бізге өте қолайлы. Науқастың көп уақытын алмайды және ауруханада басқаларға да орын босайды», – дейді Алматы қаласы № 4 қалалық клиникалық ауруханасы урология бөлімінің меңгерушісі Әлихан Қадырбеков.

Күндізгі емдеу бойынша ауруханада жыл басынан бері 340 ота жүргізілген. Алдағы уақытта мұндай оталардың аясы кеңейтіледі. Оның ішінде өттегі тасты алып тастау операциясы да бар.

Ақ халаттылар қазіргі таңда мұндай ауру түрі жиі кездеседі дейді.