Алматы тұрғындарының кейбір санатына 2022 жылы атаулы және мереке күндері қаржылай көмек көрсетіледі.
ERNUR.KZ. Бұл туралы Алматы қаласының әлеуметтік әл-ауқат басқармасы мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
Алматы қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қала мәслихатының 2015 жылғы 23 шілдедегі № 347 шешіміне сәйкес, биылға халықтың әлеуметтік осал топтарының келесі санаттарына біржолғы төлем жасауды жоспарлап отыр.
9 мамыр – Жеңіс күніне орай төлем алатын тұрғындар:
- Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне (олардың мәртебесі «ардагерлер туралы» заңмен белгіленеді) – 500 мың теңге;
- ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, сондай-ақ басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге – 100 мың теңге;
- Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің жесірлеріне беріледі. Бұл жағдайда қайтадан отбасы құрмаған әйелдер жесір деп саналады. Оларға 100 мың теңге көлемінде көмек көрсетіледі.
Ауғанстанда немесе басқа мемлекеттерде соғысқан әскери қызметшілердің ата-аналары мен жесірлеріне - 100 мың теңге.
16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай Алматыда 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларына қатысып, кейін ақталғандарға төлем жасалады.
Оларға 150 мың теңге көлемінде көмек көрсетіледі.
Сондай-ақ келесі мерекелерге 1 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек қарастырылған:
- Жаңа жыл – 1-2 қаңтар;
- 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні;
- Наурыз мейрамы – 21-23 наурыз;
- 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі;
- Астана күні – 6 шілде;
- Конституция күні – 30 тамыз;
- Қазақстанның Тұңғыш президенті күні – 1 желтоқсан.
Бұл көмек тұрғын үйге мұқтаж көпбалалы отбасылар ғана көрсетіледі.
Бөлінетін сома тұрғын үй сатып алуға арналған, оны «Отбасы банкінің» шотына аударады.