Алтын кенішіндегі апат: Құтқарушылар ойықтың топырағын бекітіп жатыр

0
1 243

Кеше «Майқайыңалтын» кен орнында үлкен ойық маңындағы топырақ опырылып, 4 адам мінген автобус жердің астына түсіп кеткен болатын.


Алтын кенішіндегі апат: Құтқарушылар ойықтың топырағын бекітіп жатыр

ERNUR.KZ. «Майқайыңалтын» АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмыстарына 132 адам тартылды. Ескі шахта шұңқырының үстінде опырылып түскен ойықтың шеткі топырағы әлі де үгіліп, құтқарушылар мен техникалар үшін қиындық тудырып жатыр. Автобус пен оның ішіндегі екі адам әлі табылған жоқ, деп жазады inform.kz.

«Ойық шеттері әлі де үгіліп жатыр. Құтқару іс-шараларына тартылған адамдардың қауіпсіздігі мен ауыр инженерлік техниканың жұмысы үшін ойықтың шетіндегі топырақтарды қағып түсіру және төсеу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнына төтенше жағдайлар министрлігінің жергілікті құрылымдары, Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен «Майқайыңалтын» АҚ, полиция және жедел жәрдем бөлімшелерінен барлығы 132 адам, 29 техника жұмылдырылды. Автобус әлі табылған жоқ», - деп мәлімдеді Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Майқайың кентінің әкімі Ербатыр Молдатаев хабарлағандай, қазіргі уақытта кенттің өзінде 9 мыңнан аса халық тұрады. «Майқайыңалтын» АҚ-да 1012 адам еңбек етеді.

Еске сала кетейік, кеше «Майқайыңалтын» кен орнында үлкен ойық маңындағы топырақ опырылып, 4 адам мінген автобус жердің астына түсіп кеткен болатын.