«Анам ыстық сумен күйдіріп, ұрып-соқты»: Қызды асырап алған шешесі жауап берді

0
645

Алматы облысында 9 жасар жетім баланы асырап алған мұғалім оны кез келген әрекеті үшін аяусыз ұрып-соғып, азаптап келгені туралы жазылған болатын.


«Анам ыстық сумен күйдіріп, ұрып-соқты»: Қызды асырап алған шешесі жауап берді

"Анам ыстық сумен күйдіріп, ұрып-соқты" деген тоғыз жастағы қыздың видеосына қатысты асырап алған шешесі жауап берді. Әйел асырауындағы қызға "қол ұшын тигізбедім" дегенімен полиция тергеуді бастап кеткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Әйелдің сөзінше, жеткіншекті бұрынғы әріптестерінің бірі жалған сөйлеткізіп, бейнекамераға жазып алған. Өзі асырауындағы қызға "қол ұшын тигізбедім" дейді. Бірақ көптің жағасын ұстатқан жағдай бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастап кетті.

Елдің жағасын ұстатқан видеода шашының жартысы түсіп қалған, мойны мен құлағы жара-жара қызды аңғаруға болады. Мұнда кішкентай қыз өзін асырап алған анасынан көрген қорлығын тізбектеп айтып беріп отыр.

Тоғыз жастағы Раминаны асырап алған әйел Еңбекшіқазақ ауданы Ташкенсаз ауылындағы мектептің бірінде география пәнінен сабақ береді. Жеткіншекті қолына биыл жазда алыпты. Бізді көрген бойда бірден қызының мәлімдемесін жоққа шығарды.

“Ыстық сумен күйдірсем денесі көлдіреп тұратын еді. Құлағындағы жара мен шашының түсіп қалуы теміреткімен ауырғанынан. Ал оның ұрды-соқты деп зудыратқанына тоқталсақ, оған біреудің жаттатқызғанын көруге болады. Менің ойымша бұл маған қас адамдардың әрекеті”, – деп ақталады қыздың асыраушысы Айдам Ниязова.

Өзіне қас адамдардың көп болуын ол кезінде мектепте оқу ісінің меңгерушісі болуымен байланыстырды. Раминаны осыдан үш күн бұрын аулада ойнап жүрген жерінен бұрынғы әріптесім алып кетіп, маған қарсы пайдаланды деп отыр. Сондай-ақ асырап алған қызының психологиялық ауытқуы бар екенін жасырмады.

“Оның өзіндік қиялы бар. Өмірге басқа көзқараспен қарайды. Мұны психологтар дәлелдеген. Жазда үйге алып келген күні ылғи бір нәрседен қорқып жүрді. Не болып қалды деп сұрасам "маған тиісетін ер адамнан қорқамын" деп айтады. Психолог болса, мұның бәрі оның қиялында деді. Рамина өте көп алдайтын”, – дейді Айдам Ниязова.

Бірақ жәбір көрдім деген қызды ауруханаға апарған аудандық білім бөліміндегілер дәрігерлердің берген қорытындысынан кейін баланы отбасынан тартып алған.

“Сол кезде дәрігермен сөйлестім. Балада гематома іздері болды. 4-5 күн бұрын орын алған жарақаттар екенін айтты. Сөйтіп, ол кісілер бізге қорытынды жазып берді. 1 күнге ауруханаға жатқыздық. Келесі күні патронаттық тәрбиешісінен баланы тартып алу әрекетін жасап Жанұяға қайтадан апарып орналастырдық”, – дейді Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Зарина Бөлекбаева.

Қазір бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалған. Полицейлер тергеу жүргізіп жатыр.

“Қазіргі уақытта іс бойынша барлық қажетті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Олардың кейбіреулері бойынша қорытындысы дайын. Сондай-ақ, мүдделі адамдардың тізімі белгілі болды. Жақын арада қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталады”, – деп түсіндірді Алматы облысы ПД бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.

Тоғыз жастағы қызды асырап алған әйел де абыройыма нұқсан келді деп полицейлерге арыз жазған екен. Жала жапқандарды анықтауын сұрап отыр. Жеткіншек шын мәнінде азапталды ма, әлде айтып отырғаны жаттанды сөздер ме, оны енді полицейлер анықтайды. Қазір бұл істі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева бақылауына алған.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында 9 жасар жетім баланы асырап алған мұғалім оны кез келген әрекеті үшін аяусыз ұрып-соғып, азаптап келгені жазылған.