"Анасының трагедиясы": Билік Айсұлтан Назарбаевтың шулы жазбаларына баға берді

0
1 037

Соңғы кездері Айсұлтан Назарбаев Facebook-тегі парақшасында қоғамда резонанс туғызған бірнеше жазба жариялады.


ERNUR.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Айсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік желідегі жазбаларына қатысты пікір білдірді, деп жазады sputniknews.kz.

Министр есірткіге тәуелділіктен емделіп жатқан адамның әңгімесін талқылау этикаға жатпайтынын атап өтті.

Ол қазір қоғамда өтірік пен шынды ажырату үлкен мәселе болып тұрғанын айтты.

"Кейбір топтар жалған ақпарат таратып, үлкен компаниялардың, жеке адамдардың, тіпті бүтін бір елдің абыройына нұқсан келтіріп жүргенін көріп жүрміз. Бірақ оның артында жымысқы ой, пайда көру пиғылы тұрады және мұндай мысалдар соңғы уақытта біздің елде де көбейіп келеді. Мұның соңы арандап қалуға әкелуі мүмкін. Айсұлтанға қатысты да осыны айтқым келеді. Ағайын, бұл бірінші кезекте оның анасының трагедиясы. Ана үшін баласынан асқан қымбат жан жоқ", - деді Абаев "Хабар" телеарнасындағы "Ашық диалог" бағдарламасында.

Айтуынша, кейбіреулер осы оқиғаға тұңғыш президент Назарбаевты да араластырғысы келеді. Шу жасап, елді дүрліктіруге тырысады.

"Бірақ халықтың бағына туған жақсымызды қаңқу сөзге қалай қиямыз? Өзіңіз ойлаңызшы, экономикасы құлдыраған, өндірісі тоқтаған елді 30 жылда қазіргідей деңгейге көтеру кімнің қолынан келеді?! Қазақ қашан да елі үшін туған ерлерді бағалаған, төбесіне көтерген, абыройын сақтаған. Ағайын, сондықтан берекемізді бағалайық. Жел сөзге еріп, жақсы істі жоққа шығармайық", - деді министр.

Айсұлтан Назарбаев – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға мен Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі марқұм Рахат Әлиевтің ұлы. Соңғы кездері ол әлеуметтік желідегі парақшасында қоғамда резонанс туғызған бірнеше пост жариялады.