Антисептиктің орнына су құйып қойған: Алматыда санитарлық талаптарды өрескел бұзған дәмхана анықталды

0
847

Төтенше жағдай аяқталғанымен, қауіпсіздікке мән беретін жұрт аз.


Антисептиктің орнына су құйып қойған: Алматыда санитарлық талаптарды өрескел бұзған дәмхана анықталды

ERNUR.KZ. Алматыда санитарлық талаптарды өрескел бұзған дәмхана анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сауда нысандары мен адам көп шоғырланатын орындарға жүргізілген күн сайынғы тексеріс осыны көрсетіп отыр дейді мамандар.

Кезекті рет тексеруге шыққан Бостандық ауданының бақылау тобы бүгінгі жұмысын дәмханалардан бастады. Мәселен, санитарлық талаптарды бұзған бұл нысанның жұмысы карантин кезіндегі алгоритмдерге сай емес екен. Клиенттердің дене қызуын өлшейтін тепловизор тек тексеруші топ бас сұққанда ғана қолданыла бастады. Температура көрсеткішін тізетін журнал да болмай шықты. Ал, антисептік құтысына жай су құйылған. Санитар мамандар дүкендер мен дәмхалардағы ең жиі кездесетін заң бұзушылықтарды атап берді.


«Біріншіден, сол нысанның басшысы лауазымды адамды бұйрық бойынша бекітпейді. Сол адам жауап беруі керек қой сол нысанға. Сосын маска көп жерлерде жеткіліксіз. Антисептиктің орнына бос құтыны пайдаланып, су құйып қояды. Сосын көп жерлерде тепловизор болғанымен, ешкімді өлшемейді», – деді Бостандық ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Сәуле Алпамышева.


Сондай-ақ, санитар мамандар бүгін Медеу ауданындағы бірнеше кәсіпкерлік субьектілерін тексерді. Нәтижесінде 1 дәмхана жұмысын тоқтатып, азық-түлік дүкендеріне ескерту жасалды. Мұнда арақашықтықты сақтайтын сызықтар сызылмаған. Санитарлық нормаларға немқұрайлы қарағандардың ісі сотқа жіберіледі.