Апатты оқиғалардан міндетті сақтандыру енгізіледі

0
402

Сенат депутаттары табиғи апаттар салдарынан келтірілген залалды өтеу тәртібін реттеу мен халықты табиғи апаттардан, оның ішінде су тасқынынан сақтандыруға және қорғауға бағытталған тиісті заң жобасын әзірлеуді ұсынған болатын.


Апатты оқиғалардан міндетті сақтандыру енгізіледі

ERNUR.KZ. Қазақстанда апатты оқиғалардан міндетті сақтандыру енгізіледі. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған, деп жазады inform.kz.

«Халықаралық тәжірибені зерделеу және Қазақстанның сақтандыру нарығын талдау қорытындысы бойынша жұмыс тобы Қазақстанда апатты оқиғалардан міндетті сақтандыруды енгізу туралы шешім қабылдады. Тиісті заң жобасын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлейтін болады», - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Премьер-Министрдің атап өтуінше, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мынадай іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр:

- мемлекеттік органдардың жауапты орындаушыларын айқындай отырып, Апатты оқиғалардан сақтандыруды енгізу жөніндегі жол картасын әзірлеу және бекіту;

- апатты оқиғалардан сақтандыру моделін әзірлеу және бекіту;

- апатты оқиғалардан сақтандыруды енгізу бойынша заңнамалық түзетулерді қоса алғанда, нормативтік құқықтық базаны дайындау.

Айта кетейік, Сенат депутаттары табиғи апаттар салдарынан келтірілген залалды өтеу тәртібін реттеу мен халықты табиғи апаттардан, оның ішінде су тасқынынан сақтандыруға және қорғауға бағытталған тиісті заң жобасын әзірлеуді ұсынған болатын.