Екі күн бұрын 46 жастағы және 22 жастағы балықшылар Кіші Арал теңізіне моторлы қайықпен балық аулауға шыққан
ERNUR.KZ. Қызылорда облысында екі балықшы суға батып кетті, деп жазады Sputnik Қазақстан.
30 наурыз сағат 13:00-де облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кезекші пультіне екі адамның жоғалып кеткені туралы хабар түсті.
Белгілі болғандай, 29 наурызда 1974 және 1998 жылғы балықшылар Кіші Арал теңізіне моторлы қайықпен балық аулауға шыққан.
"ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары шұғыл түрде іздеу жұмыстарына жұмылдырылды. Сонымен бірге жергілікті тұрғындар да тартылды. Екі сағаттан кейін құтқару тобы екі балықшының денесін судан алып шықты", - делінген хабарламада.
Өздерімен бірге жеке құтқару құралдары болмаған.
Құтқарушылар көктем кезінде су қоймаларында қайғылы оқиғаларға жол бермеу мақсатында тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын, профилактикалық шаралар жүргізіп жатыр.