Бүгінде қайта жабдықталған көлік иелері тарапынан тіркеу мерзімін ұзартуға қатысты өтініштер түсіп жатыр.
ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі қайта жабдықталған армян көліктерін тіркеу мерзімін ұзарту мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Негізі, тіркеу 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жасалады. Оған дейін осы санатқа жататын барлық көлік тіркеледі деген жоспар бар", - деді Түсіпов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, бүгінде қайта жабдықталған көлік иелері тарапынан тіркеу мерзімін ұзартуға қатысты өтініштер түсіп жатыр.
"Техникалық реттеу мен метрология комитеті тарапынан ондай көліктерді тіркеуге жағдай жасалып жатыр. Осыны ескере отырып, қайта жабдықталған көліктерді тіркеу мерзімін ұзарту мәселесін қарастырып жатырмыз", - деп атап көрсетті Түсіпов.
Әкімшілік полиция комитетінің мәліметіне сәйкес, Арменияда қазақстандықтардың атына 22 мыңнан астам көлік тіркелген болатын. Осы уақытқа дейін үкіметтің арнайы қаулысы аясында Қазақстанда 11 мыңға жуық көлік тіркеуге тұрды.
"Кейбір көліктер тіркеуге келмейді. Себебі рөлі оң жақта орналасқан. Бұдан бөлек, осы санаттағы кейбір көлік иелері тіркелген жеріне кетіп қалды. Басқа елге көшіп кеткендер де бар. Сосын жол апатына түскендер кездеседі. Олар көлікті жөндемеген. Демек, тіркеуге қойылмайды", - деді Түсіпов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.