Аружан Саин Алматы балалар үйінде сәбиді ұрып-соғып жатқан видеоға түсініктеме берді

0
731

Видео Алматыдағы «Жанұя» мамандандырылған кешенінде түсірілген.


Аружан Саин Алматы балалар үйінде сәбиді ұрып-соғып жатқан видеоға түсініктеме берді

ERNUR.KZ. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Алматыдағы балалар үйінің қызметкері тәрбиеленушіні ұрып-соғып жатқан видео мен суретке қатысты түсініктеме берді, деп жазады inform.kz.

Видео Алматыдағы «Жанұя» мамандандырылған кешенінде түсірілген.

«Кеше интернетте осы мекеме тәрбиеленушілерінің анық физикалық зорлық-зомбылық пен күтімсіздік белгілері бар суреттері мен видеолары таратылды. Алайда, балалардың маған ұсынылған видеоларында, оларда жарақаттың, ұрып-соғудың іздері көрінбейді. Балалар үйінің қазіргі директоры мемлекет атынан мекеме тәрбиеленушілерінің ресми қамқоршысы болып есептеледі. Бұл видео мен фотоларды кім, қашан және қандай жағдайда түсіргенін анықтау үшін ол Алматы Полиция департаментіне және прокуратураға жүгінуге міндетті. Мен осы видеоны түсірген қызметкерлердің неліктен полицияға уақытында жүгінбегенін, өз міндеттерін орындамай, балалардың құқықтарын қорғамағанын анықтадым», - деді Аружан Саин.

Алматы қаласының прокуратурасы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саиннің бастамасымен осы орталықта тексеріс жүргізді.

Тексеріс барысында көптеген бұзушылықтар анықталды. Бұрынғы басшылық пен бірқатар қызметкерлерге қатысты бірнеше қылмыстық іс тіркелді. Қала прокуратурасы мекеме қызметкерлерінің жалақысын негізсіз артық төлеу, тауарлық-материалдық құндылықтардың, оның ішінде демеушілік көмектің жетіспеушілігі, мекеме үй-жайларын ағымдағы жөндеу бойынша нақты орындалмаған жұмыстарға ақы төлеу фактілері анықталғанын хабарлады.

Тексеру материалдары бойынша 58 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.