Арыстағы жарылыс: Он алты әскери қызметші 97 млрд теңге шығынды өтейді

0
457

Сот тағайындаған сараптаманың қорытындысына сәйкес, залалдың жалпы сомасы 96 373 286 573, 37 теңгені құрайды.


Арыстағы жарылыс: Он алты әскери қызметші 97 млрд теңге шығынды өтейді

ERNUR.KZ. Арыс қаласындағы оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс салдарынан келген шығынды 16 адам өтейді. Мұндай шешімді Астана қаласының Есіл аудандық соты шығарды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі (бұдан әрі - талапкер, министрлік) 2019 жылғы 24 маусымда Арыс қаласында оқ-дәрілердің жарылуы салдарынан туындаған 97 млрд теңгеден астам залалды 16 жауапкерден мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы талап арызбен сотқа жүгінді. Жауап берушілер - бұрынғы әскери қызметшілер. Олар қызмет барысында өрт қауіпсіздігі, оқ-дәрілерді сақтау, өткізу және кәдеге жарату, техникалық бақылау үшін жауапты болды. Бір жауап беруші күзет-өрт дабылын орнатуды жүзеге асырған ЖШС басшысы саналады», - делінген аудандық сот таратқан ақпаратта.

Таратылған мәліметке сәйкес, оқ-дәрі жарылысын жауап берушілердің барлығының кінәсі Шымкент гарнизоны Әскери сотының 2019 жылғы 24 маусымдағы заңды күшіне енген үкімімен анықталған. Осы үкіммен министрлікке азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен мүліктік талаптарды қанағаттандыру құқығы берілген. Талапкердің талабы жарылыс салдарынан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, 44859-әскери бөлімнің, 16752-әскери бөлімнің, 74884-әскери бөлімнің теңгеріміндегі ғимараттарды, құрылыстарды, инфрақұрылымды бұзу, оқ-дәрілерді жою түрінде мемлекетке мүліктік залал келтірілгендігімен негізделген. Сот тағайындаған сараптаманың қорытындысына сәйкес, залалдың жалпы сомасы 96 373 286 573, 37 теңгені құрайды.

«ҚР Азаматтық кодексінің 932-бабында бірлесіп келтірілген зиян үшін жауапкершілік көзделген. Бірлесіп зиян келтірген адамдар жәбірленушінің алдында бірге жауап береді. Сот белгіленген жағдайларды ескере отырып, талап қоюды қанағаттандыру туралы қорытындыға келді. Астана қаласы Есіл аудандық сотының 2022 жылғы 19 қазандағы шешімімен жауап берушілерден мемлекет кірісіне сот сараптамасына сәйкес, залал мен сот шығындары ынтымақты тәртіппен өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ», - деп атап өтеді соттан.