"Аса маңызды мәселе": Тоқаев қай органдардың қызметіне қатысты шағым көп екенін айтты

0
744


ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесу кезінде азаматтар тарапынан қай органдарға қатысты шағым жиі түсетінін айтты, деп жазады Stan.kz.


Кездесу барысында президент сот және құқық қорғау жүйесінің мінсіз жұмысын қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.

“Азаматтардың сот шешіміне, қадағалау және құқық қорғау органдарының қызметіне арыз-шағымы көбейіп барады. Жұрт құзырлы органдардан әділдік таба алмаған соң Президент Әкімшілігіне арызданады. Осындай өтініштердің саны азаяр емес. Келіп түскен арыздардың сараптамасы соттың, полицияның және прокуратураның қызметіне қатысты шағым өте көп екенін көрсетеді. Бұл – аса маңызды мәселе. Оны шешуге сіздер тікелей атсалысуларыңыз қажет”, – деді ол.

Тоқаевтың сөзінше, уәкілдердің жұмысына ешкім кедергі келтірмеуі керек. Ал прокуратура, үкімет және әкімдер бұл мәселені күн тәртібінен алу үшін оларға барынша қолдау көрсетуге тиіс дейді.

Сонымен қатар олазаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық қорғау институттарының жұмысы туралы ақпараттандыру мәселесін арттыру керегін атап өтті.

“Қазіргі жағдайда құқықтық насихат пен азаматтарды құқықтық тұрғыда тәрбиелеудің маңызы арта түсті. Бұл іске сарапшыларды тарта отырып, барлық құқық қорғау институттарының әлеуетін жұмылдыру қажет. Сіздер үнемі қоғамдағы маңызды мәселелерді көтерулеріңіз керек. Көп жағдайда әлеуметтік шиеленіс пен масылдыққа құқықтық сауатсыздық себеп болады. Көптеген адам құқықтық тұрғыда өз мүдделерін қорғауды, қолданыстағы заң нормаларына сүйенуді білмейді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары көбіне ақпараттық ресурстар мен заң көмегі қолжетімсіз шалғай аймақтарда бұзылады", – деп мәлімдеді президент.