АШМ Дүниежүзілік банктің несиесі қандай мақсатқа жұмсалатынын түсіндірді

0
784

Қазақстан Дүниежүзілік банктен 500 миллион доллар несие алған.


АШМ Дүниежүзілік банктің несиесі қандай мақсатқа жұмсалатынын түсіндірді

Ауыл шаруашылығы министрлігі Дүниежүзілік банктен берілетін несие қандай мақсатқа жұмсалатынын түсіндірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлік мәліметінше, Дүниежүзілік банктің 500 миллион доллары Қазақстанға кезең-кезеңімен және Мал шаруашылығын тұрақты дамыту жобасын іске асырудың нақты нәтижелеріне қол жеткізілгеннен кейін ғана беріледі.


"Дүниежүзілік банктің сарапшылар тобы әзірлеген 2021-2025 жылдарға арналған мал шаруашылығының тұрақты даму жобасын іске асыруға 500 миллион доллар (459,8 миллион еуро) бөлінеді. ҚР Үкіметі атынан несие алушы Қаржы министрлігі.

Дүниежүзілік банк жобасының негізгі мақсаты - үлкен экспорттық әлеуетке ие әрі құны жоғары өнім ретінде экологиялық таза сиыр етін өндіруді және қазақстандық ет экспортын қолдау. Сол арқылы Қазақстан экономикасының өсуіне ықпал ету және ауылдық жерлерде өмір сүру жағдайын жақсарту", - дейді министрліктегілер


Жоба аясында келесідей нәтижелерге қол жеткізу жоспарланып отыр:

20 мың фермерге несие беру;
100 мың фермерге білім беру;
балама энергия көздерін қолдана отырып, мал шаруашылығының инфрақұрылымын дамытуға фермерлерге қаржылық қолдау;
сиыр етін импорттайтын елдердің талаптарына сәйкес мал шаруашылығы өнімдерін бақылау жүйесін құру;
жеке және тәжірибелік ветеринарларды шағын және орта фермаларға қызмет көрсетуге, сондай-ақ ветеринарлық іс-шараларға тарту.