Асқар Мамин: Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстары 20 тамызға дейін аяқталуы тиіс

0
1 192

ҚР Премьер-Министрі жалпы қаладағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталғанын атап өтіп, тиісті министрліктер мен ведомстволарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.


Асқар Мамин: Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстары 20 тамызға дейін аяқталуы тиіс

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Арыс қаласының залал келтірілген үйлерін, әлеуметтік нысандарын, инженерлік желілерін салу және жөндеу жұмыстарының барысын тексеріп, қаланы қалпына келтіру жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

ҚРПремьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы келтірілген деректер бойынша, қысқа мерзімде Арыс қаласында үлкен ауқымды жұмыс атқарылған. Қаланың 90%, соның ішінде, тіршілікті қамтамасыз ететін нысандар мен инфрақұрылымдары қалпына келтірілген. 6,5 мыңнан астам тұрғын үй қалпына келтіріліп, 6,5 мың отбасы жөнделген үйлеріне кірген. Барлық инженерлік инфрақұрылым толық жөндеуден өткізіліп, көшелер ауқымды түрде реконструкцияланды. 62 әлеуметтік нысан, соның ішінде – ауруханалар, мектептер, балабақшалар, спорт объектілері 20 тамызға дейін дайын болады.

«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев және Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Арыс қаласын қалпына келтіру мақсатында еліміздің барлық өңірлері, ұлттық компаниялары, ірі бизнес өкілдері белсенді түрде атсалысты», — деген А. Мамин, «бір ай ішінде ауқымды жұмыстар атқарылғанын, қаланы қалпына келтіруге 10 мыңнан астам құрылысшы қатысқанын» айтты.

Кеңесті қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі жалпы қаладағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталғанын атап өтіп, тиісті министрліктер мен ведомстволарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Қазіргі таңда зардап шеккен 7516 бір қабатты жеке үйлердің 6611-і немесе 90% жөндеуден өткізілді. Қалған 905 бір қабатты жеке үйлерді жөндеу жұмыстарын 10 тамызға дейін аяқтау қажет. 67 көп қабатты үйлерді қалпына келтіру бойынша жұмыстарды 20 тамызға дейін аяқтау керек. Барлық 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіру жұмыстарын 20 тамызға дейін бітіру қажет. Осыған орай, Штабтардың жұмысы 20 тамызға дейін жалғасады.