Асқар Мамин Қостанай облысында жаңа автомобиль моделінің өндірісі ашылуына қатысты

0
854

Қазақстан мен Өзбекстан автозауыттары бірлесіп қолға алған "Chevrolet Damas" автобусы мен "Chevrolet Labo" жүк машинасының түпкілікті құны шамамен 3 миллион теңге болады.


Асқар Мамин Қостанай облысында жаңа автомобиль моделінің өндірісі ашылуына қатысты

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қостанай қаласына жұмыс сапары барысында жергілікті автомобиль зауытында «Chevrolet» маркасының жаңа модельдері желісінің ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл жобаны Қазақстан мен Өзбекстан автозауыттары бірлесіп қолға алды. Бүгін телекөпір аясында ҚР Премьер-Министрі А. Мамин мен ӨР Премьер-Министрі А. Арипов «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС және «UzAuto Motors» АҚ бірлескен жобасын ресми түрде іске қосты. Жаңа өндірістік желіде осы жылдың соңына дейін 1 мыңнан астам жоғары өнімді жұмыс орны құрылады. Бұл қызмет көрсету мен өндіріс секторлары арасындағы жұмыс күші ағынының өсуі тұрғысынан ерекше маңызға ие. Қазіргі таңда зауыт толық жүктемемен үш ауысымда жұмыс істейді.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев екіжақты қарым-қатынасты стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шығаруға негіз салды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанмен өзара тиімді серіктестікті нығайту мен дамытуға ерекше көңіл бөледі», – деп атап өтті А. Мамин.


ҚР Премьер-Министрі үшінші санаттағы елдерден тауарлар мен қызметтердің импортына тәуелділікті төмендету мақсатында Қазақстан мен Өзбекстанның өндірістік процестерін интеграциялаудың өзектілігі артып келе жатқанын атап өтті.

Жаңа өндірістік желіде «Chevrolet» маркалы автомобилінің – Damas, Labo, Tahoe, Traverse, Trailblazer, Equinox, Malibu, Onix, Spark және т. б. бірнеше модельдері құрастырылатын болады. «Chevrolet Damas» автобусы мен «Chevrolet Labo» жүк машинасының қолжетімді түпкілікті құны шамамен 3 млн теңгені құрайды, бұл олардың сауда, логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы шағын және орта бизнес үшін тартымдылығын арттырады.