Әскерде қаза тапқан 18 жастағы сарбаздың ісі: Алматы соты істі қайта тергеу туралы шешім шығарды

0
1 331

Әскерге шақырылып, қаза тапқан сарбаздың ісіне қатысты сот 23 тамызда басталып, осы уақыт аралығында 17 сот отырысы өткен.


Әскерде қаза тапқан 18 жастағы сарбаздың ісі: Алматы соты істі қайта тергеу туралы шешім шығарды

фото: stan.kz.

ERNUR.KZ. Алматы гарнизонының әскери соты әскерге келгеннен кейін төрт күннен соң қаза тапқан 18 жастағы Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты тергеуді қайта бастау туралы шешім қабылдады, деп жазады stan.kz.

Бұған дейін екі тарап: сотталушы да, жәбірленуші де өтініш білдірген. Әскерге шақырылып, қаза тапқан сарбаздың ісіне қатысты сот 23 тамызда басталып, осы уақыт аралығында 17 сот отырысы өткен.

Әлібек Қалбайдың өліміне әскери борышын өтеуге бірге келген 18 жастағы Айболат Аманжолов күдікті деп танылған.

Мемлекеттік айыптаушы мен прокурор бұған дейінгі со отырысында Әлібек Қалбай өлімінен бір күн бұрын Айболат Аманжоловпен сөзге келіп, артынан төбелесіп, ауыр жарақат алғанын айтқан.

Алайда айыпталушы тарап бұл айыппен келіспейді.

Жәбірленуші тараптың заңгері соттан әділ шешім шығаруды сұраған.

"Істі қайта тергеуге қайтару керек деп есептейміз, өйткені адамның 18 жерінде жара, 6-7 соққыдан гематома болуы мүмкін емес. Кінәліні тауып оны жазалауды әрі әділ шешім шығаруыңызды сұраймыз", - дейді жәбірленуші тараптың заңгері Гүлайым Шынтаева.

Ал Гвардейский гарнизоны әскери прокуратурасының прокуроры Азамат Исраилов істі қайта қозғауға негіз жоқ екенін айтқан.

"Сотталушының кінәсі толық дәлелденді, қайта тергеуге негіз жоқ деп есептейміз", - дейді ол.

Еске салайық, 18 жастағы Әлібек Қалбай 18 сәуірде әскери борышын өтеу үшін Ақтау қаласынан Жамбыл облысының Қордай ауданы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімшесіне келіп, 22 сәуірде жұмбақ жағдайда қайтыс болған. Таңғы сапта тұрғанда денсаулығы нашарлап, кейін госпитальда көз жұмған.