Бүгінде Әскери полиция сапында жүріп, білдей бір отбасын ұршықша иіріп отырған, үш баланың анасы, алғаш спортқа14 жасында келген.
ERNUR.KZ. Кез-келген жекпе-жектің көздейтіні қорғаныс және қарсыласыңды ойсырату. Жекпе-жек өнері барлық елде бар спорт өнері. Қазақта – күрес, жапонда – дзюдо, джиу-джитсу, кәрісте – таэквондо, серум, әзербайжанда – полеш, айта берсең ұзын сонар болып кете беретін жекпе-жек өнерлері өзінің философиясымен және этикасымен танылды.
Ал Самбо болса спорт түрі ретінде КСРО-да құрылды, бұл салыстырмалы түрде барлық жекпе-жек өнерінің ең жасы. Спорт комитеті самбоны 1938 жылдың 16 қарашасындаресми бекітті. Түптеп келгенде самбоның мағынасы «өзіңді қарусыз қорғау» дегенді білдіреді.
Елімізде бұл спорт 1950-60 жылдардан бастап дами бастады. Аз уақыттың ішінде самбо күресінен қазақ балуандары, тіпті қыздарымыз да жақсы көрсеткіштерге жете бастады.
Осындай жекпе-жек түрін өзіне кәсіп етіп, талай белестерді бағындырған, қазақтың бұрынғы батыр қыздарының жалғасы –лейтенант Гүлжан Төкенқызы. Әскерге 2010 жылдың қарашасында келген Гүлжан бастапқыда қызметкер ретінде жұмыс істеп, өзінің әлеуетін көрсеткен соң, Алматы гарнизоны әскери полиция басқармасына 2012 жылдың 23ақпаннан бастап әскери қызметке шақырылады.
Спортқа келу себебін бала кездегі арманымен ұштастырған офицер үй-ішінің қарсылығына қарамай, самбомен айналысамын деп алған бетінен қайтпады. Алғаш мұндай жекпе-жек түрімен айналысуына қарсы болған әкесі де кейін қызының табандылығын мойындап, «әрқашан жолың болсын» деп ақ батасын беріпті.
Бүгінде Әскери полиция сапында жүріп, білдей бір отбасын ұршықша иіріп отырған, үш баланың анасы, алғаш спортқа14 жасында келген. Самбоны таңдаудың да өзіндік себебі бар-тын. Болашағын әскери қызметпен байланыстырғысы келген Гүлжан «өскенде қалайда әскери қызметші болам» деп алдына мақсат қояды. Ол мақсатқа жетудің бірден-бір жолы спорт деп түсінеді. Отбасында әскери қызметші ағасы самбомен айналысқандықтан Гүлжан да соған қатысамын деген тоқтамға келеді.
Спортқа кеш келдім деп ойлаған Гүлжан «самбодан спорт шебері», «чемпион» атағын алып, үлкен жетістіктерге қол жеткіземін деп ойлаған емеспін дейді.
Алғашқы екі айлық дайындықтан соң, ол республикалық турнирге қатысып алты медаль алады. Бастапқы жолының сәттілігі мұны қызықтырған соң, әрі қарай кәсіби спортқа кетеді.
Дайындық жаттығуды 2002 жылы бастап, 4 жылдан соң Қазақстанның құрама командасының сапына алынады. Сөйтіп, 2006 жылы самбодан Қазақстан чемпионы атанады. Дәл сол жылы Азия чемпинатында күміс олжалайды. Мәскеуде өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанады. Осылайша «самбодан спорт шебері» атағын иеленеді.
Отбасында әкесінен, ағасынан батылдықты, анасынан мейірімділікті бойына сіңіріп өскен жүректі қыз мұнымен тоқтамай әскерде де талай жарыстарға қатысып, жетістіктерге жетіп жүр.
Әңгіме барысында Гүлжан атасының Ұлы Отан соғысына қатысып, «Қызыл жұлдыз» орденін иеленгенін айтып өтті. Аға сержант әскери шенінде соғысқан атасын мақтан тұтатынын, үйде көп медальдері бар екенін тілге тиек ете келе, Отан қорғау кәсібін таңдауым да атамнан, ағамнан дарыса керек деді.
Самбодан кәсіби спортты тоқтатқан Гүлжан бұл күні 2 қыз, бір ұлдың анасы. Жолдасы да әскери қызметші. Әдеттегі әскерилер сияқты бұлар да гарнизоннан гарнизонға талай рет көшкенін еске алады. Әскери қызмет сонысымен де қызықты ғой дейді кейіпкеріміз.
Гарнизонның арасында өтетін жарыстарға қатысып, спортты жаны сүйетін қазақтың қызы салауатты өмір салтын ұстанып, жарыстардан озып, үздік деп танылып жүрген Әскери полицияның бетке ұстар офицері.
Әскери қызметші болған соң әскери қызмет жарғысында жазылғандай, салауатты өмір салтын ұстанып, саптық тұрғыда жинақы болуың керек, – деп Гүлжан жарыстардағы жетістіктеріне тоқтала кетті.
– Шаңғы тебу, жүзу, ату сынды сайыстардан алған жетістіктерім бар. Әскери полиция бас басқармасы менің спорттық жеңісімді жоғары бағалап, жақында алғашқы офицерлік шен «лейтенант» атағын берді. Әскери полиция басқармасына сол үшін алғысымды айтамын.
Әскери қызмет – мемлекеттік қызметтің ерекше түрі. Жолдасы екеуі де әскери қызметші болған соң, таңның атысы мен батысы жұмыста. Мұндайда анасының (енесінің) көмегін ерекше атап, ризашылығын білдірген спортшымыз, өзінің де спортпен айналысып, әскерде жарыстарға қатысып жүргенін, сол кісінің арқасы деді. Осылайша, Гүлжанның спортшы ғана емес, инабатты, жағымды келін екенін де аңғардық.
«Кешегі спортшы немесе бүгінгі спортшы» деген түсінік жоқ екенін мысалға келтірген балуан жүзуден, атудан, шаңғы тебуден өтетін жарыстарға қатысып жүргенін мінезден деп түсінеді. Мінезсіз спортшы жеңіске жете алмайды. Әйтпесе бұл спорт түрлерінің бәрін әскерге келіп үйрендім дейді.
Жекпе-жек спортынан қазақ елінің атынан шығып, көк туымызды желбіретіп жүргеннің әрбіріне жанкүйер Гүлжан, әлі де спорттың самбо, дзюдо, күрес сынды түрлерін үзбей қарайтынын айтты.
Айтпақшы, джиу-джитсу аралас жекпе-жегінен де татамиге шығып, 2008 жылы Қазақстан чемпиноны атағын алған. Сол жылы Азия біріншілігінде Бішкек қаласында үшінші орын еншілепті.
Жуырда ғана Қарулы күштерде өткен XIII спартакиадада жүзуден бірінші алып, әскери полиция қоржынын толықтырған спортшы қызға әрқашан сәттілік тілейміз.
Қарлығаш Ақылбек