Асхат Аймағамбетов: Мемлекет меншігіндегі ЖОО-ларды жекешелендіруге болмайды

0
466

Білім және ғылым министрлігі аталған мәселені түпкілікті шешу үшін заңға түзетулер енгізуге бастамашылық жасаған.


Асхат Аймағамбетов: Мемлекет меншігіндегі ЖОО-ларды жекешелендіруге болмайды

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Мәжіліс отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын заңнамалық тұрғыда бекітетін, білім беру үшін маңызды нормалар қамтылған заң жобасы қабылданғанын айтып, соның ішінде екі тақырыпға тоқталып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды.

Біріншісі - ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға түзету көмегін көрсетуге мемлекеттік тапсырыс беру.
Екіншісі - мемлекеттік жоғары оқу орындарын мемлекет меншігінде қалдыру.

«Соңғы уақытта ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалар саны көбейіп жатыр. Осы санаттағы балалардың ерекше қажеттіліктерін анықталғаннан кейін, оларды құрдастарымен қатар оқыту үшін арнайы педагогтердің көмегі қажет.
Ең бастысы, мамандар әр баланың қажеттіліктеріне сүйене отырып жеке түзету бағдарламасын дайындап оны жүзеге асыратын болады», - деп жазды министр.

Министрдің айтуынша, мұндай көмек алған балалар инклюзивті ортаға жақсы бейімделеді. Сонымен қатар, оқу материалын әлдеқайда оңай игереді. Ал кейбіреулері ерекше көмекке мұқтаждықтан толығымен арылады. Олармен дефектологтар, психологтар, логопедтер және т.б. мамандар жұмыс істейді.

«Қазір мұндай балалардың саны өскендіктен, арнайы орталықтар жетіспейді. Уақытылы көмек болмағандықтан, бұл ерекшеліктерді түзету және баланы білім беру ортасына қосу қиынға соғып жатыр. Енді бұл норма мемлекеттік емес ұйымдарға осындай қажет орталықтарды ашуға және көрсетілген қызметтер үшін бюджеттен қаржы алуға мүмкіндік береді.
Бұл механизм жеке балабақшалардың қызметімен бірдей. Естеріңізге сала кетейін, дәл осындай тетік арқылы балаларды мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерімен қамтуды бірден арттырған едік», - деп түсіндірді министр.

Министр ЖОО-лар мемлекеттік кәсіпорыннан акционерлік қоғамдарға өзгергеннен кейін академиялық ортада университеттерді жекешелендіруге байланысты түсініспеушіліктер пайда болғанын айтты.

«Әсіресе, бұл мәселені әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Сәтбаев университеті, Абай атындағы ҚазҰПУ, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ оқытушылары көтерді. Аталған мәселені түпкілікті шешу үшін заңға түзетулер енгізуге бастамашылық жасадық. Енді мемлекеттің 100% меншігіндегі жоғары оқу орындарын жекешелендіруге мүмкіндік болмайды, демек бұл университеттер мемлекеттің меншігінде қалады», - деді министр.

Бұл заң жобасы енді Сенатта қаралалады.