600-ден астам жұмысшыға 3 млн теңгеден астам еңбекақы бойынша қарыздар төленді.
ERNUR.KZ. Астана қаласы Әуе көлік прокуратурасы астаналық әуежай жұмысшыларына 3 млн теңгеден астам еңбекақысының тиісті бөлігін төлетті, деп жазады ҚазАқпарат.
Прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, «Халықаралық Астана әуежайы» АҚ-ның жыл басынан бастап демалыс күндерінде еңбекақыны жұмыскердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі негізінде бір жарым еседен төлегендігі анықталған.
Бұл - акционерлік қоғамның еңбекақы төлеу ережесіне қайшы. Ол бойынша демалыс күндеріндегі жұмыс үшін екі есе көлемде тариф қарастырылған.
Қадағалау актісін қарау нәтижесі бойынша 600-ден астам жұмысшыға 3 млн теңгеден астам еңбекақы бойынша қарыздар төленді.
Еңбекақы төлеу жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін заңды тұлға әкімшілік, екі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.