Астанада 13 жерден пышақталған мешіт қызметкерінің қазіргі жағдайы айтылды

0
511

Жәбірленуші 13 жылдан бері Шейх Кунта қажы мешітінде жұмыс істейді.


Астанада 13 жерден пышақталған мешіт қызметкерінің қазіргі жағдайы айтылды

ERNUR.KZ. Ал мешіт имамын бірнеше рет пышақтаған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеуге алынған. Ол сотталған екен. Күдікті 33 жастағы елордаға іргелес Жібек жолы ауылының тұрғыны. Оқиға Астанадағы Шейх Кунта қажы атындағы мешітте болған. Намаз оқуға қамданып жатқан мешіт қызметкеріне күдікті суық қарумен тап берген, деп жазады inbusiness.kz.

Телеарна тілшілеріне өзін жәбірленушінің бауырымын деп таныстырған азамат та осы мешітте діни қызметкер екен.

Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы зардап шеккен азамат мешітте шаруашылық қызметкері деп ақпарат таратқан.

Белгілі болғандай, бірнеше рет пышақталған мешіт қызметкері Муслухиддин Надыровтың адам емдейтін қасиеті бар екен. Ол мешітте шаруашылық жұмыстарына жауап бергенімен, арасында дем салып, тұрғындарды емдеумен де айналысыпты. 13 жерден пышақталған Муслухиддин Надыров әлі ауруханада жатыр.

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 14 наурызда жедел жәрдем бригадасы жәбірленушіні Астанадағы №3 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізген. Әзірге науқастың жағдайы өзгеріссіз – өте ауыр.

Муслухиддин Надыров Қазақстанның оңтүстік өңірінде дүниеге келген. Астанаға көшіп келгеніне 10 жылдан асыпты. Жәбірленушінің ағасы Абдысалам Надыров бұл жағдайды естігенде абдырап қалғанын жасырмады.

"Оны бұл жақта бәрі біледі. 13 жылдан бері осында жұмыс істейді. Ешкімді ренжіткен де емес. Бүкіл Қазақстан таниды. Қандай жағдай болды, білмейміз ғой. Дем салады, құран оқиды", - дейді жәбірленушінің ағасы.

Бұған дейін әлеуметтік желіде хабарланғандай, күдікті 13 наурызда некеге отырған жарымен жанжалдасқан соң осындай қадамға барған. Тіпті, оның әйелі де жанжалдан кейін уксус ішіп, өзіне қол жұмсамақ болған көрінеді. Қазір ол да ауруханада жатыр.