​Астанада 800 балаға тегін фильм көрсетілді

0
1 330

Бұл шараны «Асыл бала» қоғамдық қоры ұйымдастырған.


​Астанада 800 балаға тегін фильм көрсетілді

сурет: klenovskoe.org

ERNUR.KZ. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында елордалық балақайларға үш бірдей фильм тегін көрсетілді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Асыл бала» қоғамдық қоры ұйымдастырған мерекелік тарту Астананың тұрмысы төмен отбасыларының балаларына, ерекше күтімді талап ететін және балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналды. Айтулы шарада А.Сатаевтың «Елбасы жолы. Астана» киноэпопеясы, Т.Бекмамбетовтың «Ёлки.Последние» және Disney-дің балаларға арналған «Шақылдауық және төрт патшалық» фильмі көрсетілді.

«Мереке қарсаңында астаналық балақайларға арнап осындай шара ұйымдастыруды жөн көрдік және мұндай шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта мұны жыл сайын өтетін дәстүрге айналдыруды және республикалық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгін Астанада басталған балалар шарасы ертең Алматыда жалғасын табады», - деді «Асыл бала» қоғамдық қорының басшысы Зағипа Балиева.

Оның айтуынша, балаларға жаңажылдық базарлықты ұйымдастыруға елордалық кәсіпкерлер қолдау білдірді және оларға тегін фильмнен бөлек тәтті сыйлықтар үлестіріледі.

«Бұл шараны өткізуді «Асыл бала» қоғамдық қоры ұсынып, біз қуана қолдадық. Мақсаты- балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау. Сол сияқты олар ата-аналарымен бірге келуде, осы тұрғыда отбасының бірге болуы бала тәрбиесіне оң әсерін тигізеді. Бүгінгі шараға елорданың әлеуметтік жағдайы нашар отбасынан 800 бала қатысуда. Алдағы уақытта қоғамдық қормен бірлесіп атқаратын, балаларға арналған бірнеше жобаларымыз бар. Біз отбасылық, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін шараларды өткізуге қолдау білдіруге әрқашан дайынбыз», - деді ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен.