Елордада алты метрлік эко-шырша тоқылады

0
1 613

«Құрақ Көрпе стиліндегі эко-шырша» жобасы дағдарыс кезеңіндегі өзекті мәселелерді шешуге көмектеседі.


Елордада алты метрлік эко-шырша тоқылады

Нұр-Сұлтанда жаңа жылдық флешмоб басталды. Жаңа жылға қарай елордада қала тұрғындары бірігіп, алты метрлік эко-шырша тоқитын болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.


«Карантин шектеулері мен оқшаулау қол қусырып отыруға себеп емес. Үйде отырып, шығармашылықпен айналыса аласыз, өмір бойы армандаған нәрсені үйрене аласыз. Тоқылған жылы шырша адамдарды біріктіреді – жаңа жылдық атмосфераны тудырып, 2021 жылды жұмыла қарсы алуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті акция ұйымдастырушысы, әлеуметтік кәсіпкер Рахима Мұқышева.


«Биыл бізге Нұр-Сұлтан қалалық әкімдік қолдау көрсетті. Біз тоқыма жіп сатып алдық. Демеушілер де пайда болады. Бұл жолы акцияға Петропавл, Атырау және Тараз қосылды. Бүкіл Қазақстан біздің шыршаны жұмыла тоқып жатыр. Сонымен қатар, мектептер де қатысады. Біз қазір "Қолдау" қоғамдық бірлестігімен жұмыс істеп жатырмыз, олар қазірдің өзінде мектептерге шеберлік сыныптарын ұйымдастырып жатыр»,- деді Рахима Мұқышева.


Жаңа жылға арналған ерекше шыршаның «бөлшектерін» жасауға барлығы қатыса алады. Күн сайын 19-25 желтоқсан күндері сағат 10:00-ден 15:00-ге дейін «Бәйтерек» монументінің ішінде барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, тоқудан шеберлік сыныптары өткізіледі.

«Құрақ Көрпе стиліндегі эко-шырша» жобасы дағдарыс кезеңіндегі өзекті мәселелерді шешуге көмектеседі. Олардың бірі – жастарды, әсіресе аз қамтылған, жұмыссыз, мүгедек және әлеуметтік осал топтардың басқа да санаттарындағы жастарды оқуға, қосымша табыс алуға, үйден жұмыс істеуге, шағын өндірісті және креативті экономиканы дамытуға ынталандыру. Сонымен қатар, тоқу жұмыстары пайдалы демалыс сыйлап, стресс пен депрессияны жеңілдетуге көмектеседі.

Тоқыма жіптен жасалған жаңа өнер туындысының биіктігі - алты метр. Тоқыма әшекейлерді жасауға мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары, қарттар үйінің зейнеткерлері, балалар үйлері, қоғамдық қорлар қатысады. Шыршаны безендіруге арналған заттар да 20/20 сантиметр түрлі-түсті тоқылған квадраттардан жасалған.

Жоба аясында тоқылған жапсырмаларды ең көп тоқыған рекорд иесі анықталатын болады. Сондай-ақ құнды сыйлықтар мен лотерея ойнатылады. Лотереяға қатысу үшін төрт квадраттан байлау керек. Барлық элементтер "Құрақ Көрпе" дәстүрлі қазақ техникасы бойынша біріктіріледі.

Флешмобты Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Путь мастерства» қоғамдық қоры мен «Берген» әлеуметтік шеберханасы ұйымдастырды. Жоба «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы аясында Қазақстандағы еріктілер жылына орай ұйымдастырылды.