Жалпы, жедел уәкілдер күдіктілердің мекенжайлары бойынша 30 санкцияланған тінту жүргізді.
ERNUR.KZ. Астана полициясы есірткі саудасының ірі арнасын әшкереледі, - деп жазады Tengrinews.kz.
Құқық қорғау органдары прокуратураның үйлестіруімен синтетикалық есірткі таратқан екі интернет-дүкеннің қызметін тоқтатты.
Негізгі ұйымдастырушы 23 жастағы қыз болған. Ол есірткіні сатып алу, сақтау және клиенттерге жеткізуді толықтай үйлестірген.
"Қылмыскерлер есірткі саудасы үшін Telegram платформасын пайдаланған", - деп хабарлады Астана Полиция департаменті.
Жалпы, жедел уәкілдер күдіктілердің мекенжайлары бойынша 30 санкцияланған тінту жүргізді. 15 адам ұсталған. Полиция қызметкерлері 5 келі синтетикалық есірткіні тәркіледі, бұл 15 мың рет қолдануға жетеді.
Сонымен қатар, бұған дейін осы топтың 26 жастағы қатысушысы ұсталды. Тінту барысында одан мефедрон жасырылған шаңсорғыш табылып, тәркіленген.