Астанада IELTS жалған сертификаттарын сатқандарды ұстады

0
1 205

Бұлардың арасында медициналық университеттің оқытушылары да болуы әбден мүмкін. Өйткені, университеттің магистратурасына түсуге көмектесетіндерін айтып, талапкерлерге өздері хабарласқан.


Астанада IELTS жалған сертификаттарын сатқандарды ұстады

Астанада медициналық университет төңірегіндегі дауға қатысы бар екі күдікті анықталды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Астана медициналық университетінен қапыда шығып қалғандардың бірі аты-жөнін атап, бет-жүзін көрсетуге қарсы болды. Өзінің айтуынша, университет мемлекет грантын пайдаланғаны үшін 5 миллион теңге қарызды мойнына іліп берген. Бірақ ол осы былықтың бәріне білім мекемесінің өзін айыптайды. "2017 жылдың қыркүйектің 26-сы күні деканаттан қоңырау шалып IELTS сертификат жалған екенін айтты.

Бірақ құжат тапсырған кезде қабылдау комиссиясы қайда қарады? Неге сол кезде жалған екенін тексеріп, бізге айтқан жоқ? Резидентура ғана емес, миллиондаған қарызды грантта оқыған қалған 116 магистрант пен докторанттардың бәрі де өтеу керек. Өйткені, айлық шәкіртақыларының көлемі қарапайым жұмысшылардың жалақысынан кем емес.

"Ай сайын резидентура, магистратура бойынша білім алушыларға 61 561 шәкіртақы төленеді. Доктарантурада оқитын білім алушыларға 81 998 теңге шәкірақы төленеді. Одан бөлек, ай сайын оқуға магистратураға 65 мың теңге, резидентурада 67 мың теңге және доктарантурада 120 мың теңге тұрады", - дейді Жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру деканы Ернар Тұрсынбет.

Ал полиция бұл былыққа қатысты екі күдіктіні анықтапты. Бұлардың арасында медициналық университеттің оқытушылары да болуы әбден мүмкін. Өйткені, университеттің магистратурасына түсуге көмектесетіндерін айтып, талапкерлерге өздері хабарласқан.

Ал оқу орны басшылары олардан түк хабары жоқ екенін айтып айдан түскендей болып отыр. "Бір әйел деп айтты. Ол қандай әйел, неғылған әйел? Біреулері көшеде жолықтырдым дейді, біреулеріне өздері хабарласқан.

Менің ойымша, студенттер бәрін ашып айтпай отыр", - дейді Астана медициналық университетінің ректоры Мәжит Шайдаров.

Әзірге Астана қаласының Ішкі Істер департаменті тергеу құпиялылығын желеу етіп күдікке ілінгендердің атын атап, түсін түстеген жоқ. Айта кетсек, Білім және ғылым министрлігі 117 студенттің жалған құжатпен оқуға түскенін былтыр анықтаған болатын. Олардың университетке тапсырған ағылшын тілінен халықаралық IELTS сертификаттары жалған боп шыққан.