Астанада LRT депосының құрылысы басталды

0
272

Ол халықаралық әуежай маңайындағы аумақта болады.


Астанада LRT депосының құрылысы басталды

Фото: instagram.com/cts_kz

ERNUR.KZ. Астанада LRT жобасының негізгі инфрақұрылымдық нысаны – депоның құрылысы басталды. Бұл туралы "City Transportation Systems" компаниясы мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

Ақпаратқа сәйкес, депо халықаралық әуежай маңайындағы 16,84 га аумақта орналасатын болады.

"Депо LRT жүйесіне техникалық қызмет көрсету және басқару орталығына айналады. Оның ғимараттарының жалпы ауданы – шамамен 80 мың шаршы метр. Онда жылжымалы құрамға толыққанды техникалық қызмет көрсету және жөндеу үшін қажетті барлық нысан орналастырылады. Кешен вагондарды жуу ғимаратынан, қосалқы бөлшектер мен жабдықтар қоймаларынан, жолдарды жөндеуге арналған арнайы техника, сондай-ақ қызметкерлерді оқыту және біліктілігін арттыруға арналған әкімшілік ғимараттардан тұрады", - делінген CTS хабарламасында.

Депо аумағында пилотсыз пойыздарды басқару орталығы да құрылады. Автоматтандырылған басқару жүйесі қауіпсіздік пен тиімділікті едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Компания эстакада бойынша негізгі құрылыс жұмыстарының аяқталуына байланысты қысқы кезеңде құрылыс технологиясына сәйкес, LRT жобасының жұмыстары депо құрылысына шоғырланады деп хабарлады.