​Астанада маса шаққан жас келіншек ауруханада көз жұмды

0
2 600

28 жастағы Астана тұрғыны Мақпал Еспенбетова маса шағып, көзі ісіп кеткен соң бірінші қалалық ауруханаға барады.


​Астанада маса шаққан жас келіншек ауруханада көз жұмды

ERNUR.KZ. 28 жастағы Астана тұрғыны Мақпал Еспенбетова маса шағып, көзі ісіп кеткен соң бірінші қалалық ауруханаға барады. Бірақ дәрігерлер укол салған соң келіншек тіл тартпастан қайтыс болады, деп жазады sputniknews.kz.

Ауруханадағылардың алдын ала қорытындысы бойынша ол анафилактикалық шоктан көз жұмған. Бірақ марқұмның туыстары тәуелсіз сараптама жүргізіп, дәрігерлердің айтқанына сенбей отыр.

Мақпал Еспенбетованы бүгін туған-туысы Семей қаласында жерлеп жатыр. Болған жағдайдың мән-жайын Sputnik тілшісіне Мақпалдың жақын құрбысы Бибен Жүнісова айтып берді. Бибен Мақпалды маса шаққан күні де, ауруханаға барған күні де қасында болған екен.

"2018 жылы 30 тамыз күні құрбым Мақпал екеуміз дипломатиялық қалашыққа бардық. Ондағы мақсатымыз – құрбым жуырда ғана көлік алған еді. Сол ауданда көлік азайған соң, ол машинасын жүргізіп үйренгісі келген. Сол жерде Мақпалдың бір көзін маса шағып алды. Кәдімгі күнде өзіміз көріп жүрген маса. Көзі ісіп кетті", - дейді Бибен Жүнісова.

Марқұм 31 тамыз күні таңертең құрбысы Бибенге көзінің суретін жіберген. Бибеннің айтуынша, көзінің ісігі сәл басылса да, Мақпал дәрігерге барғалы отырғанын айтыпты.

"31 күні таңертең құрбым маған көзінің суретін жіберді. Ісігі сәл қайтқан, бірақ ол бәрібір дәрігерге барып, консультация алғысы келді. Сөйтіп, 31 тамыз күні күйеуі екі баласымен Мақпалды Қошқарбаев көшесі, 66 мекен жайындағы Астана қалалық 1 ауруханаға алып барды. Маған бара жатқандарын айтты. Таксикология бөліміне барып, кезек алды. Жолдасы мен екі баласы көлікте күткен. Кезек көп болған соң, әрі балалардың мазасы кеткен соң жолдасы балаларды үйіне алып кеткен. Балаларын үйге қалдырып, қайта ауруханаға келе жатқанда оған "әйеліңіз қайтыс болды" деген хабар келген", — дейді марқұмның құрбысы.